МТРА жаңалықтары

Тайынша ауданының әкімі Ержан Иманслям халық алдында есеп берді

Ержан Иманслям – Тайынша ауданының әкімі:

– Өткен жылы бақылауымызға алған сұрақтардың бырлығын шештік. Аудан орталығындағы Фабричный көшесі жөнделді. Тасқыннан зардап шеккен жолды қалыпқа келтіру үшін үкіметтен 234 млн теңгеден аса қаржы бөлінді. Сонымен қатар, былтыр 8812 шаршы метр құрылыс жұмысы жүргізілді. Аудан орталығында “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 300 орынға шақталған жаңа мектеп салынды. Биыл, 12 пәтерлі тұрғын үйді қолданысқа береміз. Тағы, әлеуметтік маңызы бар бір қатар нысандар тұрғызылады.

Тайыншада атқарылған шаруа бұл ғана емес. Ауданда әсіресе мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін ашқандар саны артуда. Мәселен, өткен жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы құны 491 млн теңге болатын, 14 жоба сәтті жүзеге асыпты. Сонымен қатар, “Индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасы аясында майлы дақылдар өндіретін зауытпен, сүт өнімдерін шығаратын серіктестік қайта жаңғыртылған. Биылда бірқатар іс атқарылмақ.

Ержан Иманслям – Тайынша ауданының әкімі:

– Биыл Тайынша ауданында құны 1 млрд теңге болатын “Тайынша Май” зауытының екінші кезеңінің құрылысы жүргізіледі. Тағы, “Арбат АС” серіктестігінің сүт өндейтін кәсіпорыны тұрғызылады. Осылайша 82 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, былтыр аудандағы “Биохим” зауытын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары басталған еді. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында жоспар бойынша кәсіпорынның диірмен кешенін іске қосамыз.

Дегенмен, Тайыншада мал басын көбейтуге бағытталған бағдарламалар ақсап тұр. Өткен жылы “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” жобалары жоспар бойынша орындалмапты. Мұны облыс әкімі Ерік Сұлтанов сынға алды. Өңір жетекшісі Ержан Иманслямға жағдайды биылдан қалдырмай түзеуді тапсырды. Тағы, ауданда әлеуметтік маңызы бар нысандар аздық етеді. Әсіресе, Вишневка селосына мектеп қажет. Бұл мәселені аймақ басшысы облыстық білім бөліміне шешуді жүктеді. Ал, есептік кездесуге келген Любовь Кирюшина аудан орталығына жаңа “Мәдениет үйін” тұрғызылса екен дейді.

Любовь Кирюшина – Тайынша қаласының тұрғыны:

– Мына есептік кездесу өтіп жатқан “Мәдениет үйі” 60-шы жылдары тұрғызылған. Нысан әбден ескірді. Біз ауданішілік мәдени іс-шараларды заманауи ғимаратта өткізгіміз келеді. Сол себепті жаңа “Мәдениет үйі” салынады ма!?

Бұл сұраққа облыс әкімі Ерік Сұлтанов жауап берді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Жаңа “Мәдениет үйін” салу үшін 400-500 млн теңге жеткілікті. Сол себепті аудан әкіміне алдағы 2-3 айдың ішінде нысанның құжатын әзірлеуді тапсырамын. Кейін, бірінші жарты жылдықта ғимараттың құрылысын бастаймыз. Келер жылғы есептік кездесу жаңа “Мәдениет үйінде” өтеді деп ойлаймын.

Облыс әкімі Тайыншаның инвесторларды тарту бойынша көш бастап тұрғандығын тілге тиек етті. Былтыр аудан қазынасына шет елдік қалталы азаматтардан 16,1 млрд теңге түсіпті. Биыл да бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылмақ. Ауданда үстіміздегі жылы қытайлық инсвесторлар сүт, ет және астық өндіруге арналған 7-8 зауытты іске қосуды жоспарлап отыр екен.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Қытайлық инвесторлар Солтүстік Қазақстан жеріне келуге құлшынып отыр. Олар әсіресе біздің өңірде астық өсіруді қолға алмақ. Тағы, аспан асты елінің қалталы азаматтары сіздердің аудандарыңызда тау-кен өндірісін дамытуға қаржы құяды. Сонымен қатар, австралиялық кәсіпкерлер цирконий металлын өндірмек. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға сеп болмақ.

Кездесу соңында өңір жетекшісі аудан әкіміне бірқатар міндетті жүктеді. негізгісі көктемгі су тасқынының алдына алуға жұмыс жасау. Сонымен қатар мемлекеттік жеке меншік әріптестікті нығайту және мал шаруашылығы кооперативтерін құруды жүктеді.


Култанов Байболат