МТРА жаңалықтары

СҚО-на іс-сапармен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келді

Мұхтар Құл-Мұхаммед – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Аудан орталығындағы шағын кәсіпорында 200-ге жуық өнім шығарылады. Және ол Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресейге де саудаланады. Бәсекеге қабілеттілік деген осы. Егер үлкен кәсіпорындар да дәл осындай жақсы технологиялық деңгейде дамитын болса, олар жаһандық жұмысты еркін меңгере алатын болады. Елбасы жолдауының басты мақсаты да осы.

Бұдан соң елордалық мейман “Радуга” серіктестігінің Петропавл қаласында орналасқан цехтарында болды. Мұнда кәсіпорын құрғақ таңғы астар, жүгері таяқшалары сынды өнімдерді өндіреді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедке кәсіпорын басшысы Дмитрий Шарапаев цехта қандай тың қондырғылардың жұмыс істеп тұрғандығын баян етті. Бұл өндіріс ошағы бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, озық елдердің технологиясын пайдалануды қолға алған.

Дмитрий Шарапаев – “Радуга” ЖШС директоры:

– Кәсіпорын әрдайым жаңғыртудан өтіп тұрады. Қазіргі таңда тауар тапшылығы жоқ. Елбасы өз Жолдауында дамудың барлығы инновация деп дұрыс айтты. Себебі, тың технологиялар мен қондырғылар болмаса нарықтан орын табылмайды. Өніміңді де ешкім алмайды. Бүгінде бізде итальяндық, испандық және қытайлық құрылғылар орнатылған. Тауардың 50-ден астам түрі өндіріледі.

Ал, мынау – “Богатырский продукт” ЖШС-нің макарон өндіретін цехы. Бұл жерде тәулігіне 400 тонна тауар шығарылады. Сонымен қатар, зауыттың ұн өндіретін диірмені де бар. Әлі толық қуатына көше қоймаған кешен бүгіннің өзінде күніне 150 тонна тауар шығаруға қауқарлы екен.

Анатолий Лукашов – “Богатырский продукт” ЖШС директоры:

– Елбасы Жолдауына сәйкес біз өндірісті жаңғыртудың 3-ші кезеңіне көштік. Бүгінде диірмен кешені 90 пайызға дайын. Алдағы уақытта біз бидай сақтауға арналған қосымша сыйымдылықтарды, ұн, макарон сынды дайын өнімдерді сақтайтын қойма салуды жоспарлап отырмыз. Тауарды тек ел аумағында ғана емес, сонымен қатар Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттаймыз.

Кешен ішін аралап, қондырғылармен жіті танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы айтқандай аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек екендігін атап өтті.

Мұхтар Құл-Мұхаммед – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Жаңғыртудың алғашқы кезеңінде кәсіпорындар енді ғана ашылса, 2-ші кезеңінде олар жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтты. Енді 3-і кезеңде технологиялық модернизация жүріп жатыр. Мына диірмен түрік технологиясының негізінде жасалған. Ал, макарон фабрикасы итальяндық технология бойынша жұмыс істеуде.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің соңғы аялдаған нысаны, ол – “ЗИКСТО” АҚ-ы болды. Жүк вагондарын шығаруда іргелі зауыт нарықта ойып тұрып өз орнын алған. Былтыр кәсіпорын құны 6 млрд теңгеден асатын тауар шығарса, биыл бұл көрсеткішті 17,5 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Жалпы жыл соңына дейін мұндағылар 1500 вагон жасауды жоспарлап отыр. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, істеріне сәттілік тіледі.

 

Риат Шони