Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен Швеция Корольдігінің еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі келді

Кітапта белгілі швед ботанигі Карл Линнейдің ізбасарларының еңбектері жарияланған. Олар ұстаздарының тапсырмасы бойынша жаһанның түкпір-түкпірінде болып, сол жердің өлкесін зерттеген.

Христиан Камилл – Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Жалпы “Апостолы Линнея” – энциклопедиясы өте ауқымды еңбек. Онда бірқатар швед зерттеушілерінің зерттеу жұмыстары жарық көрді. Соның ішінде Иоган Фалькті атап өту қажет. Ол Батыс Сібір, Оңтүстік Орал мен Солтүстік Қазақстан жерін зерттеген. Сол себепті де аталмыш энциклопедияны сыйға тартуды жөн көрдік. Кітап ағылшын тілінде басылған.

Иоган Петер Фальк 18 ғасырдың 70 жылдары Солтүстік Қазақстан төңірегінде болып, бірқатар зерттеулер жүргізген. Экспедициясында ботаника, зоология мен минералогияға басымдық берген. Сондай-ақ, ғалым Петропавл қаласы жайлы да бірер мағлұмат жинапты. Өңір тұрғындарының тұрмысы мен Қазақстанның керуен жолдарының толық сипаттамасы да кітаптан орын тапқан. Осындай сыйлық үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Мұқышева алғысын білдірді.

Гүлнәр Мұқышева – Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Алдағы уақытта облысымыздың ғалымдары, мұражай қызметкерлері мен өлкетанушылары музейге келіп, кітаппен таныса алады. Бұл келешекте зерттеушілердің жұмысына өз септігін тигізеді деген ойдамын.

Атап өту қажет, энциклопедиямен танысам деушілер үшін кітаптың электрондық нұсқасы “IK Foundation” сайтында да жарияланған.