МТРА жаңалықтары

Шал ақын ауданы Ақанбарақ ауылындағы өрт салдарынан екі адам көз жұмды

Таңғы жетілер шамасында өрт сөндіру бөліміне аталған елді мекендегі үйлердің бірі отқа оранғаны туралы хабар келіп түскен. Дереу оқиға орнына 2 автокөлікпен 9 құтқарушы жіберіледі. Алайда, мамандар жеткен кезде үйдің шатыры опырылып түсіп, күл-талқаны шыққан екен. Сөйтіп, көлемі 90 шаршы метр жер күлге айналған. Өрт бастау алғанда үйде 5 адам болыпты. Оның үшеуі сыртқа шығып үлгеріп, аман қалған. Ал 67 және 56 жастағы екі нәзікжанды үй ішінде көз жұмған. Сондай-ақ, бір адам тұншықтырғыш газбен улану себебімен аудандық ауруханаға жатқызылды. Алдын ала болжамдарға қарағанда, апат пешті дұрыс пайдаланбаудан болған. Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Жалпы, жыл басынан өрт салдарынан 9 солтүстікқазақстандық қаза тапқан. Осы ретте төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек екенін ескертуде.