Құқық қорғау органдары

Облыстық ІІД-де тәртіп сақшылары мен педагогтардың кеңесі өтті

Жасөспірімдер жасайтын қылмыстардың дені – ұрлық. Бұл жөнінде баяндама жасаған ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Арыстан Сұлтанғазиев мәлім етті.

Арыстан Сұлтанғазиев – СҚО ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары:

– Биыл әкімшілік кодекске өзгертулер енгізілді. Енді мектеп оқушысы жасаған құқықбұзушылықты білім ұясының директоры жасырып қалса оған – 10, ал мұғалімге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Айта кету қажет, өткен жылы кәмелеттік жасқа толмаған балалар түнгі уақытта өздері жалғыз жүргендіктен 22 заңды тұлға, сонымен қатар 3 бірдей ойын-сауық кешендерінің басшылары жауапкершілікке тартылды. Ал жалпы былтыр жасөспірімдер 53 қылмыстық құқықбұзушылық жасаған.

Тәрбие отбасыдан басталады. Сол себепті, жанұяда балаға ерекше көңіл бөлу қажет. Қазіргі таңда өңірде тұрмыстық жағдайы төмен 328 отбасы есепте тұр. Ал тіркеуге алынған жасөспірімдердің саны – 300-ге жуық, 49-ы биыл есепке енген. Сонымен қатар, 80 ата-ана жауапкершілікке тартылыпты. Өңірдегі 116 кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар оқушылармен жақсы жұмыс жасауда делінді жиында. Мәселен, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында жасөспірімдер тарапынан бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген.

Еркегүл Басымбаева – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор:

– Қалада кәмелеттік жасқа толмаған 90 бала есепке алынған. Ал тұрмысы төмен отбасылардың саны 61.

Жиында сондай-ақ, педагогтар әлеуметтік желіде кең тараған “Көк кит” ойыны жайында сөз қозғады. Ғаламторда өмірге қауіпті бұндай ермектер жетерлік. Мәселен, “Мені 4.20-да оят”, “Тыныш үй”. Тағы бірі – ол “Қаш немесе өл” деп аталады. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары прокурорлармен бірігіп осындай сайттарды жабу жөнінде жұмыс атқаруда. Кездесу соңында ІІД, жергілікті полиция қызметі мен облыстық білім басқармасы бірлесіп жұмыс атқару жөнінде үшжақты меморандум жасасты.

 

Риат Шони