МТРА жаңалықтары

М. Жұмабаев ауданында мемлекеттік бағдарлама қарқынды жүзеге асуда

Әсіресе, сауда орнынан “Жигули”, “Фольксваген”, “Ауди” сынды темір тұлпарлардың құрал-жабдықтары мен бөлшектерін оңай табуға болады. Бұл тауарлар теріскейге Алматыдан, тіпті Ресей мен сонау Қытайдан жеткізіледі екен. Дүкенді ашу үшін кәсіпорын басшылығы мемлекет қолдауына жүгініпті.

Арсен Уразалинов – М. Жұмабаев ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Бұл Булаев қаласындағы “Кошик” жеке кәсіпкерлігінің 3-ші дүкені. Сауда орнын ашуға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 3 жылға 8 жарым млн теңге несие рәсімделді. Қарыздың жылдық үстеме ақысы 14 пайызды құрайды. Оның 10 пайызын “Даму” қоры қаржыландырмақ. Бұл өз кәсібін дөңгелетемін дейтін кәсіпкерлер үшін өте тиімді.

Тағы, “Авто Бум” дүкенінде көлік аксессуарларының да сан түрі бар. Мәселен, орындықтардың тысы, дөңгелектердің дискілері мен машинаны безендіру құралдарының түр-түрін осы жерден табуға болады. Айта кеткен жөн, бұл тауарлардың бағасы аса қалта қақпайды. Жаңа дүкеннің ашылуымен 4 адам жұмыспен қамтылған.

Александр Филиппов – “Авто Бум” дүкенінің сатушысы, М. Жұмабаев ауданы:

– Біздің дүкенімізде тауардың 1000-нан аса түрі бар. Олардың бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан. Мұны сатып алушыларымыз айтуда. Сол себепті болар, мұнда күн сайын 20-дан аса адам келеді. Біз әрі қарай қызмет түрін кеңейтпекпіз.

Жалпы, М. Жұмабаев ауданында соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, өткен жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 8 кәсіпкер несие рәсімдеген. Тағы, 3 тұрғын “Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорына” жүгініпті. Оларға 1 млрд теңеден астам қарыз берілген.

Арсен Уразалинов – М. Жұмабаев аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 15 адамға несие рәсімдеуді жоспарлап отырмыз. Өз ісін бастауға немесе кеңейтемін деушілерге мемлекеттен 1 жарым млрд теңге берілмек. Қаражат тұрғындарға көбіне дүкен ашуға және мал сатып алуға қажет болады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда М. Жұмабаев ауданында 1100-ден аса кіші және орта бизнес субъектісі бар.

Байболат Құлтанов