МТРА жаңалықтары

Белгілі ресейлік рэпер Тиматидің көлігі аукционға қойылмақ

Жақын арада темір тұлпар әншінің қалауымен аукционға қойылмақ. Саудадан түскен ақша қаламыздағы Жетімдер үйіне беріледі. Жомарттық танытқан жігіттің машинасын сатып алуға ниет білдірген жерлестеріміз де баршылық екен.

 

Байболат Құлтанов,тілші:

– Мына темір тұлпардың иесі белгілік ресейлік рэпер Тимати десе біреу сенсе, біреу сенбес. Бұл көлік Мәскеуде қолды болған екен. Кейін, оның нөмірін ұрылар бірнеше мәрте ауыстырыпты. Ақыры машина Солтүстік Қазақстаннан бірақ шыққан.

Тиматидің темір тұлпарын қалың қардың астынан қазып алуға тура келді. Бұл “Ауди ТТ” маркалы машинаның қаламыздағы “Коммунхоз” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының айып тұрағына қойылғанына 11 жылдың жүзі болған. Дегенмен, арада біршама уақыт өтсе де қазір көліктің жағдайы жақсы. Оның барлық бөлшектері орнында тұр. Тек, аккумуляторы отырған екен.

Вадим Боев – Петропавл қалалық әкімдігі “Коммунхоз” мемлекеттік кәсіпорны айып тұрағының басшысы:

– Бұл машина 2006-шы жылдың шілде айында айып тұрағына қойылды. Содан бері темір тұлпар – біздің бақылауымызда. Көліктің ешбір бөлшегі ұрланған жоқ. Егер де аккумуляторды жаңасына ауыстырса машина оталады.

Жуырда әнші Тимати өзінің Инстаграмм парақшасында айып тұрағы басшысына бұл көлікті аукционға қоюды сұрапты. Әнші әлеуметтік желіде саудадан түскен ақшаны қаламыздағы Жетімдер үйіне беруді тапсырған. Бұл хабарламадан соң, жомарттық танытқан жігіттің машинасын сатып алуға ниет білдірген жерлестеріміз де табылыпты

Вадим Боев – Петропавл қалалық әкімдігі “Коммунхоз” мемлекеттік кәсіпорынның айып тұрағының басшысы:

– Біз бұл көлікті 2013 жылы аукционға қоймақ болдық. Алайда, ол ұрланғандардың тізімінде болғасын сата алмадық. Жақында бірнеше адам маған қоңырау шалды. Қазір темір тұлпарды иесінің қолы қойылған арнайы қағазы болмағасын саудаға әлі қоя алмаймыз. Болашақта көлік ұрланғандардың есебінен шығарылса, әнші Тимати өзінің келісімін заңды түрде беріп жатса, “Ауди ТТ” маркалы машинаның жаңа иесі анықталмақ.

Айта кеткен жөн, айып тұрағы 2009 жылдан бері тегін қызмет көрсетеді. Сол себепті рэппердің өзінің темір тұлпары үшін қарызы жоқ. Бір қызығы, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл жерде Владимир Жириновскийдің де ұрланған “Volkswagen Touareg” көлігі тұрыпты. Ол 2013 жылы аукцион арқылы саудаланған екен. Жалпы, бүгінде Петропавлдағы айып тұрағында 370-ке жуық машина бар.

 

Байболат Құлтанов