Ауыл шаруашылығы

Кооперация – ауыл болашағы

Олар ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде. “Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас” демекші, бүгіндері жеке аулалық шаруашылықтардың көбі кооперацияларға бірігудің пайдасы зор екендігін біледі. Өйткені, еңбек өнiмдiлiгi артады, нарықта өнiм тапшылы­ғы азайып, баға тұрақталады. Тұрғындар ет, сүт өнімдерін делдалсыз тікелей тауар өндірушіге өткізеді. Тағы ірiленген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берiлетiн түрлi жеңiлдiктерге қол жеткiзу оңайға түседi.

Ілияс Досхожаев – ҚР АШМ инвестициялық саясат және қаржы құралдары департаментінің сарапшысы:

– Бірікккен шаруашылықтарға қолдау жақсы. Бір ғана инвестициялық субсидиялау жайлы айтар болсақ, бұл жерде сүт қабылдау, мал сою қосындары бойынша қаржылай қолдау көрсетіледі. Тағы ірі қара және сүт қабылдауға қажетті қондырғылар алуға да көмек болады. Жалпы, бүгіндері кооперативтерге бірігемін дегендердің қатары артып келеді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ 4 жаңа бағдарлама әзірлеген. Ал өткен жылы олар 130 жеке аулалық шаруашылықтарға 311 млн теңгеге қаржылай қолдау көрсеткен. Негізінен фермерлер сүт және ет шаруашылықтарын дамытуға қаржы алыпты.

Айдар Төлеев – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ директорының орынбасары:


–  Тағы ісін дамытамын дегендер «Ырыс» бағдарламасына қатыса алады. Жеке кәсіпкерлер мен аулалық шаруашылықтар, шаруалар жылдық 6 пайыздық үстемеақымен 7 жылға дейін 13 млн теңге несие ала алады. Оның 2 жылы жеңілдетілген, яғни негізгі қарызды жабуға бағытталмақ. Бұл жерде қойылатын негізгі талап, ол – несие алушылар міндетті түрде кооператив құрамында болуы тиіс. Кейін өз ісін дамытып, кеңейтуге мүмкіндік мол. Тағы кооператиив алатын қондырғылар мен техниканың 50 пайызы субсидияланады.

Бүгіндері елімізде 157 ауыл шаруашылығы кооперативі болса, соның 30-ға жуығы теріскейде құрылған екен. Қызылжарлық Вруйр Геворгян 25 жеке аулалық шаруашылықтың басын біріктіріп, кооператив құрған. Бүгіндері олардың қарамағында 100-ден астам ірі қара мал бар.

Вруйр Геворгян – «СК АНИ» АШӨК төрағасы, Қызылжар ауданы:

 

– Жалпы, ауыл шаруалығы кооперативінің пайдасы зор. Сондықтан, биыл 30 бас сиыр, 20 шақты бұзау алуды көздеп отырмын. Тағы сүтті салқындататын қондырғы алуды жоспарладық. Ақты өткізу өте пайдалы. 1 литрін 85 теңгеден алады. Оның үстіне тағы 10 пайыз мемлекет қосады үстіне. Ол – шаруалар үшін үлкен қолдау.

Келешекте аталмыш кооператив тағы жылқы шаруашылығын дамытпақ. Ол үшін жер телімін алып, база тұрғызған. 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Магжан Ахмадина