МТРА жаңалықтары

Ақпан айының соңында көктайғақ болуы мүмкін

– Ай өзіне ыңғайлы жатыр. Суық болады деп ойлаймын.

– Мен ойлаймын енді күндер жақсы болады деп. Бүгін кішкене аяз екен.Бірақ дем алуға жақсы. Алдағы уақытта ақпан бойы ауа райы жылы райын көрсетеді деп сенемін.

Синоптиктер ақпан айының алғашқы онкүндігінде ауа температурасы төмен болады деп болжап отыр. Ауа райы түнде кейде -25-30 градус аралығында болса, күндіз сынап бағанасы -15-20 градус шамасын көрсетеді. Екінші онкүндікте күн сәл жылынбақ.

Іңкәр Ескендірова – “Қазгидромет” АҚ СҚО бойынша филиалының метеорология бөлiмiнiң инженер-синоптигі:

– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде 27-32 аяздан 6-11, кей жерлерде 10 градус аязға дейін біртіндеп жоғарылайды.Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 16-21, кей жерлерде 26 аязға, күндіз 10-15, кей жерлерде 20 градуз аязға дейін төмендейді. Кейін түнде 3-8, кей жерлерде 13 аязға, күндіз 2 аяз, 3 жылы, кей жерлерде 7 градус аязға жоғарылайды.

Жауын-шашынның айлық деңгейі мөлшер шамасында 9-18 мм-ден аспайды деп күтілуде. Ауа райын болжау орталығының мамандары айдың басында батыстан соққан жел күшейіп, тұман болуы да ықтимал деп отыр. Сондай-ақ, ауа температурасының күрт өзгеруіне байланысты айдың соңында көктайғақ болуы мүмкін.

– Тарих беттеріне үңілсек, ақпан айының ең суық күні 1951 жылы тіркелген. Осы айдың 17-і жұлдызында сынап бағанасы -42,5 градусты көрсеткен. Ал, былтыр қыстың соңғы күндері, яғни, 26-ы күні +6 градус жылылыққа дейін жеткен.

Тогжан Акмагамбетова