МТРА жаңалықтары

Петропавлда жыл басынан бері 3 көліктен өрт шығу оқиғасы тіркелген

Жаңа жылдың басталғанына 1 ай ғана болса да Петропавлда үш бірдей көліктен өрт шығу оқиғасы тіркеліпті. Техникалық ережелерді ескермеу – оттың тұтануына әкеліп соғады. Ал, жүргізуші өз басына ғана емес, барлық жолаушыларының өміріне де жауапты.

Әзімхан Мерғасымов – Петропавл қаласы ТЖБ инспекторы:

– Автокөлікте өрт шығудың басты себептері – техникалық ақаулар мен сымдардың қысқа тұйықталып қалуы, жанармай түтіктерінің жарылып кетуі, тұтанғыш құралдармен абайсыз жұмыс істеу. Капоттан түтін шығып, көліктен жанар-жағармай иісі мен күйік иісі сезілсе бірден күдіктеніп, машинаны тексерген дұрыс. Өрт сөндіру құралдары міндетті түрде болуы керек.

Былтыр Петропавлда 26 көліктен өрт шығу оқиғасы орын алып, 4 млн 895 мың теңгенің залалын келтірген. Мұндай ақаулар автобус және жүк машиналарынан да шығыпты. Оқыс оқиғаларды болдырмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтанамыз дейді, жүргізушілер.

– Техникалық байқаудан өткізілген, көлігімнің күйі жаман емес. Тиісті ережелерді сақтаймын. Өрт сөндіру құралын әрқашан алып жүремін.

 

– Көлік тізгіндеп жүргеніме 20 жыл боолды. Бұл уақыт ішінде көлігімнен өрт шығатындай ақаулар болған емес. Қауіпсіздікті қадалаймын.

ТЖБ мамандары тәртіп сақшыларымен бірге бір күнде елуден артық көлікті тоқтатып, жадынама қағаздарын таратты. Мұндай рейдттер ай сайын өткізіліп тұрмақ.

Акбопе Танирберген