Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұрлы жер” бағдарламасында баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері ұсынылған

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Аталған бағдарламаны әзірлеу кезінде Президент ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін коммерциялық банктер мен субсидиялар арқылы төмендетуді тапсырды. Жаңа жобада тұрғын үй құрылысын қаржыландырудан бастап жеке құрылыс салушыларын ынталандыру да ескерілген. Яғни, жеке үй саламын деуші азаматтарға инженерлік коммуникация тартылған жер телімі берілмек. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы 5 түрлі бағытта 15 жыл көлемінде жүзеге асырылмақ. Алғашқы кезеңі 2017-2020 жылдар аралығында жүргізіледі. Бұл ретте баспанаға қол жеткізу үшін еліміздегі екінші деңгейлі банктері мен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көмекші.

Әмір Нұрмұқанов – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Егер де банк 17 пайызбен несие беретін болса, онда мемлекет оның 7 пайызын субсидиялайтын болады. Нәтижесінде қазақстандықтар несиені 10 пайыздық мөлшерлемемен төлемек. Сондай-ақ, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында біздің банк арқылы «Солнечный» кентінде баспана тұрғызу үшін 200 жер учаскесі берілу жоспарланған.

Бағдарламаның алғашқы 5 жылында елімізде 52 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Бұл шамамен 505 мың пәтерді құрап отыр. Осылайша, баспана қорын 18 пайызға арттыру жоспарланған. Бірақ, әзірге бұл жобаның маңыздылығы халыққа түсіндірілу үстінде.

 

Айгерим Ержанова