Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті

Бұл ретте татулық пен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаратын ассамблеяның орны ерек. 2016 жылы жергілікті қоғамдық институт 2 мыңнан астам іс-шараға мұрындық болыпты. Олар жастарды отансүйгіштікке, ұлтаралық келісімді сақтауға және мемлекетіміздің жетістіктерін паш етуге бағытталған. Алда да осы бағытта ауқымды шаруа тындыру жоспарланған.

Наиль Салимов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Алдағы жылы «Біртектілік пен бірлік» концепциясын жүзеге асуды жалғастырып, қоғамдық келісім кеңесі, медиация жүйесін дамыта түсу маңызды. Биыл ҚР Мемлекеттік символдарын қабылдауының 25 жылдығы, Елорданың Алматыдан Астанаға көшірілгеніне 20 жыл толмақ. Осы жылы 5-ші дүниежүзілік қазақтар құрылтайы өтеді. Универсиада мен Экспо халықаралық көрмесін ұйымдастыруда да біз өз бірлігімізді көрсете білуіміз керек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық келісім кеңестерін кәсіпорындарда да құру қажеттігін айтқан болатын. Бүгіндері олар облыстағы бірқатар ұйымдарда бар.

Рашид Надиров – «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» РҚБ филиалының төрағасы:

– Аталған ұйым өндіріс орындарында туындайтын даулы мәселелерді шешуге көмектеседі. Қазір бізде жекеменшік мекемелер көп. Проблема туындаса, оларда негізінен жұмысшылар кінәлі болып жатады. Ал осындай қоғамдық келісім кеңестері дауларды әділетті шешуге септседі. Сондықтан, мұндай ұйымдарды дамыта түсу маңызды.

Тағы жиында «Кентрон» армян мәдени орталығы мен ассамблея жанынан құрылған аналар кеңесінің жұмысы жайлы айтылды. Кейін қоғамдық институт кеңесінің құрамы бекітіліп, оларға куәлік табыс етілді. Содан соң аймақ басшысы жиналғандарға өңірдің әлеуметтік -экономикалық даму көрсеткіштерін айтып өтті.

Ерік Сұлтанов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

 

– Ауыл шаруашылығында өсім 101,8 пайызды көрсетті. 2016 жылы біздер нақ осы салаға көп инвестиция құйдық. Әлеует жетерлік. Сондықтан, оны арттыра түсу маңызды. Еңбек өнімділігін көтеру керек. Өнімді қайта өңдеуді қолға алып, жаңа технологияларды қолдану қажет.

Тағы алдағы уақытта жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілмек. 2016 жылы 375 шақырым қалыпқа келтірілсе, биыл 640 шақырым жол жөнделмек. Тағы жылу, су желілерін жаңғырту мәселесі тұр алдымызда. Облыс әкімі көктемде «Биохим» зауыты қайта іске қосылып, Петропавлда теннис кортының құрылысы басталатындығын айтты. Ал өз кезегінде қоғамдық институт өкілдері достық үйінің аумағын кеңейтуді сұрады. Өйткені, этномәдени бірлестіктердің көбеюіне байланысты Ассамблея ғимараты тарлық етуде. Бұл сауалды өңір жетекшісі қарастыратынын жеткізді.

Мағжан Ахмадина