Спорт

Петропавлда жауынгерлік аралас жекпе-жек бойынша үшінші ашық чемпионат өтті

Шаршы алаңның шаңын қағатын спортшылардың саны 50-ден асып жығылады. Жас категориясы бойынша 16-17 және 18 жастан жоғары жарысқа қатысушылар 14 салмақ дәрежесі бойынша өз араларындағы мықтыны анықтамақ.

Азамат Садвакасов – «Намыс» жауынгерлік клубының негізін қалаушы:

– Бізге қонаққа Екібастұз, Астана, Павлодар және Түмен сынды қалалардан қатысушылар жиылып отыр. Жауынгерлік аралас жекпе-жек өңірімізде жақсы дамып келеді. Өйткені, жастардың оған деген қызығушылығы артуда. Аталған сайыс түрінде қазақша күрес, бокс және кикбоксингтің іс-қимылдары шоғырланған.

Көп ұзамай көрерменнің делебесін қоздырған алғашқы жекпе-жек те басталды. Бірінші болып 52 келі салмақ дәрежесінде Петропавл қаласының спортшысы Ерасыл Қайыргелді мен Ресейдің Түмен қаласынан келген өрен Данил Попов шықты.

Ереже бойынша қарсыластардың бірі екіншісін құлатып, соққының астына алады. Ұрыс қарсыластың бірі жеңілгенге дейін жалғасады. Бұл тартыста жерлесіміз Ерасыл Қайыргелді өзінің тактикалық айла-тәсілімен қарсыласын қуалап жүріп сабап, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл спорт түрінде ең бастысы төзімділік қажет, – дейді жеңімпаз.

Ерасыл Қайыргелді – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Түмен қаласынан келген қарысласым осал болған жоқ. Дегенмен де, бірінші жекпе-жегімді жеңіспен аяқтадым. Бұл жарыста үздіктердің қатарынан көрінемін деген ойдамын. Алға қойған мақсатым – Қазақстан чемпионатында алтын алқаны тағыну.

Айта кеткен жөн, жауынгерлік аралас жекпе-жектен жеңімпаз атанған спортшы Қазақстан чемпионатына жолдама алмақ.

Айсулу Сергали