Денсаулық сақтау

Өңірде тұмау өршіп тұр

Қазір бір тәулікте мұндағы диспетчер мамандар тұрғындардан 400-ден аса қоңырау қабылдайды. Шақырту жасаған жерлестеріміздің басым бөлігінен тұмау дертінің алғашқы белгілері байқалады дейді. Көп жағдайда дәрігерлер діттеген жерге 1 сағаттап кешігіп жетулеріне тура келеді екен. Өйткені, шақырту көп.

Светлана Кашемирова – Облыстық жедел медициналық көмек орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Облыстық жедел медициналық көмек орталығында 17 көлік бар. Олардың бәрі заманауи құралдармен жабдықталған. Мамандар тұрғындардың шақыртулары бойынша жылдам жетуге тырысады. Бірақ, кешігіп жататын күндер жиі болады. Бізге жыл басынан бері 9000 мыңға жуық қоңырау түсті. Оның 26 пайызы – жедел респираторлық инфекциялық вирусын жұқтырғандар.

Дәрігерлердің айтуынша, теріскейде жедел респираторлық вирустық инфекциясын жұқтырғандардың саны күн сайын өсуде. Мәселен, аталған дерт жылдың 2-ші аптасында 1400-ден астам адамнан байқалған. Ал, бұл көрсеткіш өткен жұмада тіпті шамамен 800 адамға көбейіпті. Ауырғандардың дені – мектеп жасындағы балалар.

Евгений Пузиков – СҚО тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Өткен жылдың қазан айынан бері есептесек жедел респираторлық вирустық инфекциясының қоздырғышын жұқтырғандардың саны 16 мыңнан асып отыр. Бұл өткен жылғыдан 64 пайызға көп. Былтырғы күзде өңірдің 63 мыңнан аса тұрғынына тұмауға қарсы екпе егілді. Олардың басым бөлігі – мектеп жасындағы балалар. Жасөспірімдердің ағзасының ауыруға төтеп беру қабылеті осал. Сол себепті ауырады.

Қазіргі таңда өңірде тұмау дерті де өршіп тұр. Сырқаттанғандардың саны облыс бойынша 100-ден асып отыр.

Евгений Пузиков – СҚО тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Тұмау болған жағдайда дене қызуы 39-40 градусқа жетеді. Бас жиі ауырады. Мұны асқындырмай бірден дәрігерге қаралған жөн. Олай болмаған жағдайда ауру асқынып, пневманияға әкеліп соғуы мүмкін.

“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дейді халқымыз. Қазір уақытта әрбір сауатты адам тұмаудан қалай қорғану амалдарын білуі тиіс. Петропавлдықтар дерттен сақтану жолдарымен бөлісті.

Мамандардың айтуынша жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға байланысты жағдай ақпан айының орта кезінде тұрақталмақ.

Байболат Құлтанов