Қоғам

Жемқорлыққа жол жоқ!

Айдар Мұқанов – ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң СҚО бойынша басқармасының бөлiм бастығы:

-Біз жүргізген сараптама нәтижесі бойынша осы жылдың 6 айында заңбұзушылыққа жол берген 49 мемлекеттік қызметкер есепке алынды. Олардың 33-і бірнеше рет жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне уақытылы әрі талапқа сай жауап бермегені үшін, 11-і қызметін асыра пайдаланғанына, тағы бірнешеуі мемлекеттік қызмет алу кезінде тұрғындарға ақпарат бермегені үшін жазаланған.

Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр 71 мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылыпты. Бұл ретте мамандар алдын алу жұмыстарының маңызы зор екендігін айтуда.

Арман Бердағұлов – қоғамдық кеңестің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының орынбасары:

-Қоғамдық кеңес мүшелерінің жұмысы жемқорлықпен күреске емес, оның алдын алу шараларына бағытталған. Ол жұмыс жақсы деңгейде жүргізіліп келеді. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік органдардың ашық болғаны маңызды.

“Бармақ басты, көз қыстылыққа” жол бермеу жөніндегі бейнероликтер бүгіндері теледидар арқылы да газет беттерінде де көрініс табуда. Ең бастысы жастардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылады. Осы ретте қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік желілердің көмегімен де жемқорлық деген кеселдің арты соқпақты болатындығын жеткізу керектігін айтты. Өйткені, бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың көбі ғаламторда уақыт өткізетіні ешкімге жасырын емес.

 

 

Магжан Ахмадина