МТРА жаңалықтары

2016 жылы “Ауыл шаруышылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ 460 жобаны қаржыландырды

Бақыт Сеилова – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында 5 млн теңге қарыз алдым. Бағдарламаның шартына көңілім толады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі небары – 6 пайыз. Оған қоса берешекті өтеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Қарызға алған қаражатқа екі тігін машинасы мен шикізат және фурнитура сатып алдым.

Бақыт Сеилова 3 келіншекті тұрақты жұмысқа алған. Олар тұрғындарға тігін ісі бойына бірнеше қызмет түрін көрсетеді. Ерлер мен әйелдерге арнап киімдер де тігеді екен.

Валентина Новикова – “Бақыт” ательесінің тігіншісі, Қызылжар ауданы:

– Мен мұнда жас маман ретінде келдім. Тәжірибем аз болды. Бір жылдың ішінде киімді қысқарту, тігу, оны жөндеуді үйреніп алдым. Біз әр клиентпен жеке жұмыс жасаймыз және сапалы қызмет көрсетеміз. Былтыр ательеміз бірнеше тендерді ұтып алды. Нәтижесінде біздің жалақымыз да өсті.

Былтыр ателье мемлекеттен тапсырыс алып, қыздарға арнап мектеп формасын дайындапты. Міне, осындай үлгідегі 700 дана киімді қазір Бескөл ауылының оқушылары киіп жүр. Оның түсі мен дизайнын ата-аналар таңдапты. Былтыр осы ательеге 2 млн теңгенің табысы түскен.

Өткен жылы “Ауыл шаруышылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның жергілікті филиалы “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша 9 жобаны қаржыландырды. Заемшылар 22 жаңа жұмыс орнын құрыпты. Мешін жылында мемлекеттік бағдарламаларға Уәлиханов, Тайынша және Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары белсенді қатысқан екен.

Арыстан Арсланбаев – “Ауыл шаруышылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ директоры:

– 2016 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы бойынша 378 кәсіпкер арзан несие алды. Олар 494 адамды жұмысқа алды. Бағдарлама негізінен құс, мал, өсімдік шаруашылықтарын дамытуға бағытталған. Бұдан бөлек 2 кәсіпкер сүт қабылдау пунктін ашуға жалпы сомасы 12 млн теңге қарыз ресімдеді. Бүгінде олар сүтті тасымалдайтын көлік пен оны сақтауға арналған қондырғылар сатып алмақшы.

Мешін жылы елімізде “Ынтымақ” бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Ол бойынша жылдық 6 пайыз үстемеақымен 50 млн теңгеге дейін 7 жылға қарыз алуға болады. Тұрғындар “Ынтымақ” бағдарламасы аясында алынған қаражатқа ет, сүт, жеміс пен көкөністер сақтайтын қойма сала алады. Және оған қажетті қондырғылар сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Берік Қасен