МТРА жаңалықтары

Интернет кеңістігінде діни және ұлтаралық алауыздық тудырғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалады

Бірі туысқан, жора-жолдастарымен хат-хабар алысса, енді бірі қоғам арасында ұлтаралық және діни қақтығыстарды тудыру үшін пайдаланады дейді заңгерлер. Бұл жағдайда заң бойынша 14 жастан асқан азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Ерлан Нұрышкин – СҚО прокуратурасы бөлімінің бастығы:


– Біздің бөлім бірнеше жыл бойы тұрғындардың әлеуметтік желілердегі жеке профайлы мен хаттарын жүйелі түрде тексеріп жүр. Әлеуметтік желіде ұлтаралық және діни алауыздық тудырып жүрген адамның жеке тұлғасын анықтап, оның материалдарын сот-сараптамалық психологиялық-филологиялық зерттеуге жібереміз. Өкінішке қарай, мұндай олқылықтар өңірімізде орын алып тұрады.

Былтыр әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздық тудыруға әрекет еткен Петропавл тұрғынының ісі сотта қаралуда. Ол 5,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Прокурорлардың айтуынша, мұндай шалыс қадамдарға қоғамның назарын өзіне аудартқысы келетін адамдар жиі барады. Бұл жағдайда психологтар әлеуметтік желілерде теріс пікір қалдыратын азаматтар өзімен-өзі көп жұмыс жасап дағдылануы тиіс дейді.

Ғалия Баязитова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Педагогика және психология” кафедрасының оқытушысы:

– Әлеуметтік желілер адамдарға жағымды және жағымсыз әсер береді. Араласатын адамдары немесе сенімді достарының аз болуынан олар үнемі күйзеліске салынып, эмоцияға беріліп жүреді. Ондай адамдар әлеуметтік желілерде өзін керемет етіп көрсеткенімен, шынайы өмірде ондай емес.Тұйық адамдар айнаның алдында тұрып, өзімен-өзі көп жұмыс істеу керек. Тұрған тұрысы мен айтқан сөзіне аса мән бергені жөн.

Осы ретте біз тұрғындардың да пікірін білдік. Солтүстікқазақстандықтар әлеуметтік желілерге мониторниг жасалып тұрғанына қарсы емес. Тек жеке ақпаратымыз жалпақ жұртқа жария болмаса екен дейді.

– Әлеуметтік желілердегі парақшаларға бақылау жүргізілуі керек деп есептеймін. Адамдар қателікке аз жол беретін болады. Жауапкершілікке тартылатынын сезінеді. Адамдарды, этностарды негізсіз балағаттап, жалған ақпарат беруден тиылады деп ойлаймын.

– Парақшама бақылау жүргізілгеніне қарсы емеспін. Себебі бүгінде теріс ағымдар әлеуметтік желілер арқылы жастарға теріс ықпал етуде. Оған қоса елімізде этностар арасындағы татулықты сақтау үшін мұндай амалдар жасалуы керек.

Сондай-ақ, біреуді жаман сөздермен балағаттаған адам да заң алдында жауап береді. Ол үшін шағымданушы тарап сот органдарына жазбаша шағым қалдыру керек.

Берік Қасен