Құқық қорғау органдары

Петропавлда автотұрақта тұрған автобус ұрланды

Қоғамдық көліктің қаладағы бұл бейберекет қозғалысы көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалыпты. Кейін, автобусты арнайы тұрақтан ұрлап кеткені анықталған. Арада бірнеше сағат өткеннен кейін барып көлік Береке шағын ауданынан табылыпты. Араға тәулік салып мініп кеткен күдікті де қолға түскен.

Нұрсұлтан Құдабаев – Петропавл қаласы ІІБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– 2017 жылдың 4 қаңтарында Петропавл қаласының екінші полиция бөлімінде ҚР ҚК 200-бабына сәйкес, яғни автокөлікті құқыққа сыйымсыз иелену фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық іс бойынша Петропавл қаласының тұрғыны 26 жастағы ҚР-ның азаматы ұсталды.

Көлікпен қала көшелерінде жүйткігім келді де мініп кеттім дейді, күдікті. Мұндай шешімді масаң күйінде қабылдаған. Біраз мініп жүріп, автобусты тоқтаған жерінде қалдырған. Естен кетпес түнгі қыдырыстан естелік болсын дегені шығар, қолтығына автомагнитолланы да қыстыра кетіпті.

Нұрсұлтан Құдабаев – Петропавл қаласы ІІБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– Бұл тұлға 2016 жылдың жазында бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан. Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Енді ұсталған азамат 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Жалпы өңірде өткен жылы өзгенің автокөлігін мініп кетуге байланысты 105 факт тіркеліп, оның 98-інің беті ашылған.

 

Акбопе Танирберген