Спорт

Петропавлда “Мен чемпион” спорттық жарысының қалалық кезеңі өтті

Айгерім Ержанова, тілші:

– Міне, ойынның басталуына да санаулы уақыт қалды. Бірер минуттан соң мұнда жиналған 100-ге тарта оқушы түрлі сыннан өтіп, өзара мықтыны анықтамақ.

Алғашқы болып ойынды «әл-Фараби ұландары» мен 24-ші мектеп құрамасы бастады. Бірінші тур «Слалом» деп аталады. Мұнда қатысушылар секіргішпен 5 рет секіріп, құрылған көпірдің астымен өтіп, кейін доппен артқа қайтулары керек.

Бұл сында көк форма киген 24-ші орта мектептің оқушылары алға шықты. Ал «Теңге алуда» ақ түсті киімдегі «әл-Фараби ұландары» қарсыластарына дес бермеді. Осылайша есеп тең түсті. Бұл қалыпты қос команда ойын соңына дейін сақтады. Жеңімпаз анықталмағандықтан, төрешілер қосымша тағы бір эстафета қосты. Шешуші сәтті ақ киім киген қыз-жігіттер ұтымды пайдаланып, жеңіске жетті.

Уәлихан Құлатаев – «әл-Фарафи ұландары» командасының мүшесі:

– Ойын қызықты өтті. Әсіресе, жылдамдыққа жүгіру ұнады. Өйткені біз бұл сайста қарсыластарымызды жеңдік.

Қалалық турдың екінші кезеңіне барлығы 10 команда қатысуда. Әр топ 5 ұл мен 5 қыздан құралған. Әрқайсысы жеңімпаз болуға лайықты.

Адина Арғынова – «Чемпиондар» командасының мүшесі:

– Біз жеңімпаз боламыз деген сенімдемін. Себебі, біздің құрама кіл мықтылардан тұрады.

Дәстүрге айналған бұл жарысқа жыл сайын өзгертулер енгізіліп тұрады. Биылғы сайыстар өткен жылғымен салыстырғанда күрделі. Бұл жолы «Теңге алу» сынды ұлттық ойын түрі де кірістіріліпті.

Жандос Базарбаев – «Мен – чемпион» спорттық ойынының жүргізушісі:

– Бұл жарыс балаларды ұйымшылдыққа үйретіп, спортқа бейімдейді.

Көп ұзамай нәтиже де белгілі болды. 3-ші қалалық «Мен чемпион» спорттық ойынының жеңімпазы 7-ші мектептің оқушылары атанды. Күміс жүлдені қазақ мектеп-гимназиясының ұл-қыздары қанжығасына байласа, қоланы «12-ші мектеп» командасы місе тұтті. Енді бұл 3 құрама облыстық кезеңде өнер көрсетпек.

 

 

Айгерім Ержанова