МТРА жаңалықтары

Демалыс күндері облыс орталығындағы су желісінің бірінде апат орын алды

Судың не себепті тоқтағаны әлі белгісіз. Мамандардың айтуынша, осыдан 8 жыл бұрын орнатылған жаңа су өткізгіш екі құбыр бір-бірінен ажырап кеткен көрінеді. Бірақ, дәл қай жерден үзілгенін болжау, әзірге мүмкін емес дейді олар. Өйткені, құбырлар қалың гильза ішінде орналасқан.

Сергей Визеров – «Қызылжар су» ЖШС бас инженері:


– Қазір біз арнайы роботтың көмегіне жүгінеміз. Ол апаттың дәл қай жерде орын алғанын анықтап береді. Егер бұл мүмкін болмаса, онда құбырды алмастыруға тура келеді. Бұл, әрине ұзаққа созылуы мүмкін. Дегенмен, тұрғындар сусыз қалмайды. Қазірдің өзінде барлық үйде тіршілік көзі бар. Бірақ, кейбіреуінде оның қысымы аз. Егер де атқарылып жатқан жұмысымыз бүгін аяқталмаса, онда ертең таңертеңнен бастап су беруді толық күшіне қосамыз.

Оқиға тауық жылының бірінші күнінде орын алған. Дәл қаңтардың бірінде облыс орталығындағы көпқабатты 5 үй тіршілік көзінсіз қалды. Міне, содан бері, апат орын алған учаскеде «Қызылжар су» серіктестігінің 10 бригадасы жұмысқа тартылған. Бұл шамамен 50 адамды құрайды.

Александр Супонин – «Қызылжар су» ЖШС су желісі учаскесінің басшысы:

– Учаскедегі қалыпқа келтіру жұмыстарын бастау үшін 100 метрге жуық су желісінің қызметін тоқтатуға тура келді. Қазір біз мына жердегі камераны судан тазартып жатырмыз. Кейін арнайы техниканың көмегімен апаттың орын алу себебін анықтаймыз.

Айту керек, апат орын алған су желісін қалыпқа келтіру жұмыстарын мамандары бүгін-ертең аяқтауды жоспарлап отыр.

Айгерім Ержанова