МТРА жаңалықтары

Жаңа жыл мерекесінде жедел әрекет ету қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді

Александр Дмитриев ішкі істер органдарында 1993-ші жылдан бері қызмет етіп келеді. Полковник осымен жаңа жылды жұмысында 5-ші рет қарсы алмақ. Бұған өзімнің де, отбасымның да еті баяғыда үйреніп кеткен дейді облыстық ІІД жедел жоспарлау басқармасының жедел кезекшісі.

Александр Дмитриев – СҚО ІІД жедел жоспарлау басқармасының жедел кезекшісі:

– Сұрақтарыңыз жығылғанға жұдырық болды ғой. Форма киіп, иығымда шен болғандықтан қызметті абыроймен атқару керек. Әрине, Жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алған дұрыс. Бірақ, жұмысты да істеу керек. Мен болмасам орнымда басқа біреу болар еді. 1-ші қаңтар да мереке ғой. Тойлап үлгереміз.

Бұл күні онымен бірге 14 әріптесі кезекшілік атқарады. Ауыр қызметке қарамастан орталықтағылар Жаңа жылды өз дәстүрлері бойынша қарсы алады.

Александр Дмитриев – СҚО ІІД жедел жоспарлау басқармасының жедел кезекшісі:

– Жаңа жылда біз Елбасының құттықтауын тыңдаймыз. Кейін бір-бірімізге шағын сыйлықтар жасап, мерекелік тортты бөлісеміз. Кейін әріптестеріміз, жерлестеріміз, жалпы теріскейліктердің көбі 102 нөміріне қоңырау шалып құттықтап жатады. Телефонға дамыл жоқ. Кейін өз жұмысымызды жалғастырамыз.

Ал, қалалық ІІБ жедел басқару орталығының қызметкерлері облыс орталығының көшелерін бақылау камералары арқылы тәулік бойы қадағалайды. Бүгінде қалада осындай 74 камера орнатылған. Оның мүмкіншілінің жоғарылығы соншалықты, тіпті адамның бетіндегі меңін де көрсете алады.
Марина Писаренко бұл орталыққа қыркүйек айында орналасыпты. Оның негізгі міндеті бақылау камерасы арқылы қоғамдық тәртіпті қадағалап, орын алған құқықбұзушылықтар жайында бірден полиция жасағына хабарлау. Нәзік жанды Жаңа жыл мерекесін отбасысынан жырақта, яғни жұмыста қарсы алмақ. Бұған еш мұңаймаймын дейді ол.

Марина Писаренко – Петропавл қаласы ІІБ жедел басқару орталығының кезекші-инспекторы:


–  Мен өзім мерекені ата-анаммен бірге қарсы аламын деп ойлағанмын. Өйткені, бұған дейін Жаңа жылды 4 жыл бойы Алматыда, академияда оқып жүріп, достарыммен тойлағанмын. Енді міне, 5-ші жыл тағы отбасымнан бөлек боламын. Оған еш мұңайған жоқпын. Өйткені, мереке күндері жұмыс істегенде жауапкершілік артады. Негізінен мейрам уақытында маскүнемдікпен жасалатын қылмыстар саны артады.

Орталыққа күніне 500-ге жуық қоңырау шалынады. 102 нөміріне, әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында хабарласатындардың саны 2 есеге көбейеді екен. Қоңырауды қабылдауға 6 адам жауапты. Жалпы бір ауысымда орталықта 8 адам кезекшілік атқарады.
Мереке түні таксистер үшін де қызу болады. Бұны 3 жыл бойы жолаушы тасымалымен айналысып жүрген Виктор Затынайченко да растайды. Ер азамат түрлі мерекеде жұмыс істедім, бірақ кезекшілігім Жаңа жылға алғаш рет тұспа-тұс келіп отыр. Бұл күні көшеге таксопарктегі барлық, яғни 120-ға жуық машина шығады.

Виктор Затынайченко – такси жүргізушісі:

– Күніне шамамен 30 адамды тасимын. Мереке күндері бұл екі есеге дейін артады. Әдетте қарбалас уақыт желтоқсанның 30-ы мен қаңтардың 2-і аралығына келеді. Жалпы жұмыста барлық клиенттер мерекемен құттықтап, жақсы көңіл күйде болады.

Жаңа жыл түнінде тынымсыз еңбек ететін жандардың тағы бірі – жедел медициналық көмек көрсету орталығының мамандары. Дәрігерлер тәулік бойы көз ілмей қызмет етеді. Ал, мереке күнінде, әсіресе, Жаңа жыл түнінде мамандар штаттық тәртіпте жұмыс істейді.

Мамадияр Байғұлов – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– Жай күндері 16 бригада шығатын болса, мейрамда олардың санын 18-ге дейін арттырамыз. Бұл кездері адамдар орталық алаңға көптеп жиналып, думандатады. От шашулар болады. Сол жерлерде кезекшілік атқарамыз.

Күніне 103 нөміріне 300-ден астам шақыртулар түседі. Ал мерекеде бұл еселенетін көрінеді. Тұрғындардың көбі диетасын дұрыс ұстамай, мейрамда көп тамақ жеп қойып, уланып қалады немесе созылмалы дерттері асқынып кетеді екен.

Мамадияр Байғұлов – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– Шақыртулар әр түрлі болады. Сағат түнгі 11 мен 1-дің аралығы тыныш. Өйткені халық тойлап жатыр. Содан кейін басталады. Бір рет толғағы қысып жүкті әйел қоңырау шалды. Жаңа жылға 10-15 минут қалғанда босандырып алдық.

Міне, жұртшылық Жаңа жылды үйінде, отбасымен бірге қарсы алып жатқанда, халық игілігі үшін мереке күндері қызмет ететін жандар осы. Бір өкініштісі, бұл жандардың еңбегін кей адамдар бағалай алмай жатады. Сол себепті, келер жылы осы мамандардың жұмысы табысты болсын дейік.

 

Риат Шони