МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер Ауған соғысында қаза болған жерлестерімізге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды

Желтоқсан айының 27-і күні осындай шараны ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Себебі, осыдан тура 37 жыл бұрын дәл осы күні Кеңес әскерлері Ауған территориясына енгізіліп, ел ішіндегі азаматтық соғысқа қатысты. Шара барысында теріскейліктер ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, шейіт болған сарбаздардың рухына тағзым етті. Алғашқы себет облыс әкімінің атынан.

Мағынасы жоқ соғысқа Қазақстаннан 22 мың сарбаз қатысты. Оның мың жарымға жуығы теріскейлік жауынгерлер. Серік Ахметжанов әскер қатарына 18 жасында 1983-ші жылы шақыртылған. 1 жылдан кейін Ауғанстанға аттанып, жүк көліктерді басқарыпты. Өз қызметін Кабулдағы 37 116 әскери бөлімінде атқарған жауынгер отты жылдарды бүгінде еске алғым келмейді дейді.

Серік Ахметжанов – Ауған соғысының ардагері:


–  Қаншама қиыншылықтар болды. Мәселен, біз 50 жігіттен үйге тек 6-мыз ғана аман оралдық. Көбінде түрлі дәрежедегі жарақаттар болды. Снарядтарға түсіп жарылып жатты.

Жұмбақ соғыста 46 солтүстікқазақстандық жауынгер қаза тапты. Тағы дәл соншасы елге мүгедек болып оралған. Бүгінде Ауған соғысында от кешкен 750-ге жуық жерлесіміздің көзі тірі.

Жоламан Мұхамеджанов – Ауған соғысының ардагері, ІІ топтағы мүгедек:


–  Ол Кеңес үкіметінің саясаты болды ғой. Бізге еліміздің оңтүстік бекеттерін күшейтіп қорғау керек деп соғысқа аттандырды.

Владимир Емельянов – Ауған соғысының ардагері:


–  Бұл соғыста біздің жерлестеріміз, көптеген майдандастарымыз қаза тапты. Дегенменде, біз Отан алдындағы міндетімізді абыроймен атқардық.

Шара соңында Ауған соғысының ардагері Құсман Бегалиновқа қазақстандық батырлардың ерлігін насихаттау мен жастарды патриоттыққа тәрбелеуде елеулі үлес қосқаны үшін Грамота табысталды.

–  10 жылға жалғасқан Ауған территориясындағы қырғи-қабақ соғыста 700-ден астам қазақстандық сарбаз шейіт болды. Ал 1988 жылдың 14-ші сәуірінде Женевада Ауғанстан, Пәкістан, АҚШ және де КСРО елдері өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өтіп, төртжақты келісімшартқа қол қойылды. Бұл маңызды құжатта Ауғанстан территориясынан КСРО әскерінің шығарылу шарттары нақтыланған болатын. Сөйтіп, 1988 жылдың 15-ші мамырынан бастап 1989 жылдың 15-ші ақпаны аралығында Ауғанстан территориясынан КСРО әскері толығымен шығарылды.

 

Риат Шони