МТРА жаңалықтары

Облыста “Пиротехника” атты арнайы операция басталды

Олар күн сайын пиротехникалар сатылатын нүктелерде рейд шараларын өткізеді. Бұндай орындар негізінен базар мен супермаркеттердің маңында орналасқан. Тәжірибе көрсеткендей от шашу мен петардаларды сатуға көптеген саудагерлердің сертификаты жоқ. Ал бұндай заттарды, әсіресе, жасөспірімдер мен мас адамдар қауіпсіздік шарасын сақтамай пайдаланса, арты соқпақты болуы мүмкін.

Ринат Багаутдинов – Петропавл қаласы ІІБ бөлімше бастығының орынбасары:

 

– Қала аумағында пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалауды анықтау мен алдын алу мақсатында рейд өткізілуде. Бұл шара қала прокуратурасы, ТЖД-мен бірлесіп ұйымдастырылуда. Біздің басты мақсатымыз – пиротехникалық заттардан келетін жарақаттарды болдырмау.

«Алтын Арман» базарында полицейлер заңсыз саудаланып жатқан 100-ге жуық петарданы тәркілеген. Тәртіп сақшылары бұндай заттарды тек тауарға арнайы сертификаты бар сауда нүктелерінен алу қажет екенін қатаң түрде ескертеді.

–  Бізде қала көшелерінде тұрғындар көптеп жүреді. Оның үстіне жанар-жағармай құю бекеттері бар. Сол себепті, лицензиясы жоқ от шашу, петарда сынды тауарларды сатып алмауға кеңес беремін. Өйткені, кішкентай балалар бұны түсіне бермейді. Кез келген жерде жағып, қолында ұзақ ұстап қалып саусағынан айырылу қаупі бар.

Тәртіп сақшылары жүргізіп жатқан «Пиротехника» атты шара қаңтардың 5-не дейін жалғасады.

 

Риат Шони