МТРА жаңалықтары

Өңірдегі 11 серіктестік жұмысшыларына 69 млн теңгеден аса ақша қарыз

Арман Жәлелов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір өңірдегі 11 серіктестік жұмысшыларына 69 млн теңге қарыз. Бүгінгі күні 411 тұлға жалақыларын ала алмай отыр. Бұл тізімге енген жерлестеріміздің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Мәселен, “Ақжар Целина”, “Би Электро”, “Қайранкөл Астық” серіктестері, «СП Транс Авто» кәсіпорындары еңбекақы бойынша қарызға белшеден батқан.

Жалпы, облыстық мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасының мамандары жыл басынан өңірдегі 499 кәсіпорында тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде мың жарымнан аса еңбек заңнамасының бұзылу фактісін тіркеген.

Арман Жәлелов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Тексеріс жұмыстарының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын бұзған 316 лауазымды және заңды тұлғаға айыппұл салыныпты. Бұл сомма 48 млн теңгеден асады. Бұл тек 11 айдың қорытындысы. Жыл соңында айыппұл көлемі артады.

Бұдан бөлек өңір кәсіпорындарында жыл басынан 69 жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 76 еңбек адамы жарақат алып, 7 -уі қаза тауыпты. Көбінесе қайғылы жағдайлар қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына тікелей байланысты. Айта кетейік, былтыр 9 жұмысшы өндіріс орнында ажал құшқан болатын.

Култанов Байболат