Білім

Биыл мектеп бітіруші түлекер ҰБТ-ны жаңа форматта тапсыратын болады

Бұрындары төсбелгіні тек ҰБТ-ен кілең 5 алып шыққан оқушылар тағынса, енді оны мектептегі емтиханды жоғары бағаға тапсырғандар да иеленеді. Жалпы білімдерін университетте жалғастырам деген түлектер бұдан былай міндетті 3 пәннен бөлек 2 сабақты өздері таңдайтын болады. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Саягүл Сарсенбиева болашақта филолог мамандығын меңгермек. Ол қазіргі өзгерістер күрделене түскендіктен дайындықты күшейттік дейді.

Саягүл Сарсенбиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Біз қазір мектепте оқу-ісінің меңгерушісі әзірлеген кесте бойынша дайындалып жатырмыз. Әрине, сынақ күрделене түсті. Бірақ соған қарамастан емтиханды жақсы тапсырамыз деген ойдамын.

ҰБТ-ы жоғары оқу орындарына түсуге арналған емтихан мен мемлекеттік гранттарды бөлетін жүйе болмақ. Бұның сұрақтары да жаңартылады. Шектік ұпай сол қалпы 50 балл. Ал талапкерлер 3 жарым сағаттың ішінде берілген 120 сұраққа жауап берулері қажет.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Түлектер ҰБТ-да таңдайтын екі пән мамандықтарына байланысты болулары керек. Олар жұп болады. Яғни, физика таңдалса оның қатарында математика жүреді. Ал міндетті үш сабақта оқушының функционалдық сауаттылығы тексеріледі. Профильді пәндерде 30 сұрақтың 10-нда екі немесе одан да көп жауаптар болады. Ал қалған үш пәнде бір дұрыс жауабы бар 20 сұрақ беріледі.

Ал мектеп қабырғасындағы емтиханға келер болсақ, онда да түлектер 5 пәннен сынақ тапсырады. Олардың төртеуі міндетті, ал соңғысын оқушы болашақ мамандығымен байланыстырып өзі таңдайды. Ол пәннен түлек тест жазатын болады.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Міндетті 4 пәнде Қазақстан тарихы, алгебра, қазақ және орыс тілдерінен емтихан тапсырады. Тарих – ауызша, ондағы билетте 2 сұрақ болады. Ал үшінші тапсырмада оқушы карта, кестелермен жұмыс жасайды. Қазақ мектептеріндегі оқушылар орыс тілінен, орыс тілді мектептерде оқитындар қазақ тілінен тест тапсырады және өз ана тілдерінде эссе жазады. Ал, алгебра пәні бойынша түлектер бақылау жұмысын орындайтын болады.

Айта кету қажет, ҰБТ-дан тек таңдаулы түлектер ғана босатылады. Яғни, математика пәнінен 5 халықаралық олимпиадада жеңіске жеткен оқушылар сынақтан өтпей бірден грант иегері атанады деп жоспарланған. Қазіргі таңда оның тізімін білім және ғылым министрлігі әзірлеу үстінде. Жалпы биыл өңірде 3 мың 564 түлек мектепті бітірмек. Олардың 130-ға жуығы – “Алтын белгіге” үміткер. Сынақ кезінде түлектерді тасымалдауға, жатақханаларға орналастыру мен тамақтандыруға облыстық бюджеттен 7 млн теңге қарастырылған. Жалпы мектеп қабырғасындағы емтихан маусымның 1-і мен 20-ы, ал ҰБТ маусымның 20-ы мен шілденің 1-і аралығында өтетін болады.

 

Риат Шони