Балалар

Облыс орталығындағы “Сәби үйі”-не 95 жыл толды

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл шаңырақ мейірім мен ізгілікке, зор еңбек пен жылы лебізге толы. Ғасырға жуық тарихы бар бұл мекеме ұжымы жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде зор жетістіктерге жетті. Біздің болашағымыз ол – балалар. Оның тәрбиесі мен тағдыры – еліміздің келешегі. Бүгінгі мерейтойда баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, қиын да құрметті қызметтеріңізде жеміс тілеймін.

Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан орынбасары Анархан Дүйсенова Сәби үйінің ұжымына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті.

Марапатталғандардың қатарында аталған мекеменің тәрбиешісі Ақсұлу Жамалиева да бар. Нәзікжанды Сәби үйінде 36 жыл қызмет істеп келеді. Ол мұнда жаңа туған нәрестелердің күтімімен айналысады.

Ақсұлу Жамалиева – «Сәби үйі» КММ тәрбиешісі:

– Менің мақсатым – балаларға аналық махаббат беріп, тәрбиелеу.

Қазір Сәби үйінде 4 жасқа дейінгі 52 ұл-қыз тәрбиеленеді. Оның 22-сі «Үміт» тобында жүр. Бұл топқа қамқорлыққа алынған бүлдіршіндердің аналары бар. Бірақ, олар тағдыр тәлкегіне ұшырап, сәбилерін осы балалар үйінің қарауына уақытша қалдырып кеткен. Жағдайлары бір қалыпқа келген соң ана мен бала қайта қауышады.

Мәруар Қапенова – «Балалар үйі» КММ бас дәрігері:

– Қазір бізде 52 бала бар. Жалпы биыл 12 бүлдіршін патронаттық тәрбиеге алынды, тағы екеуі өздеріне отбасы тапты.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Айгерим Ержанова