МТРА жаңалықтары

Желтоқсан айында сынап бағанасы минус 33 дейін төмендеуі мүмкін

– Өткендегі суықтар болмаса, қыс жылы. Бірақ, көктайғақ болған жаман, жүру қиын.Әсіресе,үлкен қариялар қиналады.

– Қыс жылы деп есептеймін. Анау күндері суық болған. Өзіме қыстың суық, аязды болғаны ұнайды.

– Биыл желтоқсан суық болады деп ойлаймын. Өйткені, ай шалқасынан туды. Бірақ бұл ай жылы болса , 18-20 градус болғанын қалар едім.

Синоптик мамандар қыс мезгілінің бірінші айында аязды күндер көп болады деп болжап отыр. Мәселен, алғашқы онкүндікте ауа температурасы төмендеп, қыс қаһарына мінеді. Екінші онкүндікте сынап бағанасы күндіз минус 13-18-ді, ал түнде 25-30 градус аязды көрсетпек. Тіпті, ауа температурасы минус 33-ке төмендеуі мүмкін.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 12-17, кей жерлерде 22 аязға, күндіз 5-10 аязға дейін жоғарылайды.

Қыстың басынан-ақ өңірде әжептәуір қар жауды. Сол себепті, жылдың соңына дейін әлі біраз жауын-шашын түсетіні айдан анық. Оның мөлшері осы айда жылдағы нормадан 16-27 мм-ге жоғары болатын көрінеді. Сондай-ақ, синоптиктер алда әлі қалың қар жауып, бұрқасын соғады дейді.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы:

– Бірінші онкүндіктің екінші жартысында, екінші онкүндіктің соңында кей жерлерде солтүстік бағытынан соғатын жел 15-20 м/с; үшінші онкүндіктің басында оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік шығысқа ауысады кей жерлерде 15-20 м/с дейін күшейеді.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл өңірде Жаңа жыл түнінде суық болуы мүмкін. Мереке күндері сынап бағанасы күндіз минус 25, түнде -30 градусты көрсетпек.
Тарих беттеріне үңілсек, қыстың ең суық күні теріскейде 1968 жылы 8 желтоқсан тіркелген екен. Онда ауа райы 43,6 градусқа дейін төмендеген. Ал, керісінше 4 градус жылылық 2008 жылдың 7 жұлдызында тіркеліпті.

 

Тогжан Акмагамбетова