Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – ел тірегі» атты салтанатты шара өтті

Нұрсұлтан Назарбаев бұдан 25 жыл бұрын дәл осы күні бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміздің алғашқы Президенті ретінде сайланды және осы күннен тәуелсіз мемлекеттің шежіресі жазыла бастады. Сондықтан, егемен ел ретінде танылған Қазақстанның дамып, гүлденуі халықымен, және әрине, мемлекет басшысымен байланысты. Мұны жиында теріскейліктерді мерекемен құттықтаған облыс әкімі айтып өтті.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:


–  Бұл мерекенің халқымыз үшін маңызы зор. Н.Назарбаевтың арқасында 25 жыл ішінде еліміз гүлденді, қазақстандықтардың өмірін жақсартуға сеп болатын көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Олар нәтижелі жұмыс істеп жатыр.

Кейін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді араласқан 23 солтүстікқазақстандыққа Құрмет грамоталарын табыс етті. Олардың қатарында «Еңбек» шаруа қожалығының механизаторы Орал Ғабдоллин бар. Жастайынан ауыл шаруашылығында еңбек ететін азамат Елбасының қолдауын айқын сезінеміз дейді.

Орал Ғабдоллин- «Еңбек» ШҚ механизаторы, Аққайың ауданы:


–  Елбасы ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетеді. Оны біздер айқын сезінеміз.

Осы күні облысымыздың тағы 20 тұрғыны аймақ басшысының алғыс хатына ие болды.

Жұманғали Қожахметов – Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Елбасы қиын кезеңде мемлекетімізді даму жолына бастады. Қазір еліміз гүлденіп, дамып жатыр.

Тұңғыш Президент күнімен солтүстікқазақстандықтарды құттықтауға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин келген. Ол өзінің ырғақты әндерімен мерекелік шараның шырайын ашып, көпке танымал бірқатар әндерін орындады.

Салтанатты шара барысында өңіріміздің өнер майталмандары да ән-жырдан шашу шашып, теріскей жұртына мерекелік көңіл күй сыйлады.

 

 

Магжан Ахмадина