Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Бұл мелмекеттік органдарда қызметтер стандартқа сай көрсетілмеген, тұрғындардың өтінішін қабылдау жөніндегі электрондық базадағы мәліметтер уақытында жаңартылмаған. Осындай кемшіліктерді сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасы үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша сырттай сараптама жасау барысында анықтапты.

Болат Еңсегенов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы:

-Биыл мамырдың 12-сі мен маусымның 14-і аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және оған қарасты ұйымдар жұмыспен қамту мен әлеуметтік бейімделу орталығында сыртқы сараптама жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аталған мекемелердің қызметшілері тұрғындардан стандартта жоқ құжаттарды сұратқан.

Ал “Тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған Петропавл қалалық әлеуметтік бейімделу орталығы” ғимаратында пандус орнатылмаған.

Жасұлан Сомтеміров – Тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған Петропавл қалалық әлеуметтік бейімделу орталығының директоры:

-Орталықтың ғимараты ескі, іргетасы 1910 жылы қаланған. Онда пандусты орнататын жер жоқ. Келген мүгедектерді біз ішке көтеріп кіргіземіз. Алдағы уақытта бұл мәселені тағы да қарастырып көреміз, мүмкін болса орнатамыз.

Соңғы кездері Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде кадрлар тұрақтамайтын болған.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы:

-Былтырдан бастап осы күнге дейін Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 20 адам жұмыстан кеткен. Осының себебі неде?

Гүлмира Жәкенкызы – Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі:

-Жұмыс ауқымы кең, кейде үлгермей жатады. Оған қоса бөлім мамандарын психикалық ауытқуы бар түрлі клиенттер мазалай береді. Осыған жүйкелері шыдамай, біразы басқа мемлекеттік органдарға өз еркілерімен ауысып кетті.

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев ондай қиын жұмыстарға шыдамды азаматтарды қабылдауға кеңесін берді. Сондай-ақ, кеңес отырысында мамандарды біліктілікті арттыру курсына жібермеген мемлекеттік орган жетекшілерін тәртіптік жауапкершілікке тарту жағы қозғалды.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы:

-Былтыр Қызылжар ауданында түрлі бөлімнің жетекшілері жоспар бойынша 54 маманның 26-сын ғана оқыту курстарына жіберіпті. Осыған ұқсас жағдай Петропавл қаласында, Тайынша, Мамлют аудандарындағы мемлекеттік органдарда да тіркелді. Бұдан былай әр жылдың қорытындысын шығарып, қарамағындағы қызметкерлерді оқу курстарына мерзімінде жібермеген басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде облыс әкіміне ұсыныс хат жолдайтын боламыз.

Сондай-ақ, белгісіз себептермен курсқа келмеген мемлекеттік қызметшілерге де жауапкершілік қарастырылған. Маман 2 бірдей дәріске қатыспаса жеткілікті, тыңдаушылар тізімнен шығарылып, оқуға кеткен шығыны жалақысы есебінен өтеледі.

Отырыста кеңес мүшелері Петропавл қаласының білім бөлімі жетекшісінің орынбасарына қатысты тәртіптік істі қарады. Нәзік жанды қоғамдық ұйымның сұрауына уақытында жауап бермеген. Сондықтан, оған ескерту берілді.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы:

-Сізге қоғамдық бірлестік сәуірдің 5-сі сұрау салған. Алайда, сіз оның жауабын 40 күннен кейін ғана беріпсіз. Оған қоса сұрау салған адресаттарға хатты кері жолдау менің міндетім емес депсіз. Ол адресатқа мерзімінде жетуін өзіңіз қадағалау керек болатынсыз.

Ал Қызылжар ауданының жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Дина Садиковаға қатысты тәртіптік іс келесі отырысқа қалдырылды. Нәзік жанды осымен екінші рет сылтау тауып, кеңес отырысына келмей қалды. Егер ол ауырғандығы жөнінде анықтама қағазын кеңес мүшелеріне көрсетпесе, лауазымы төмендетіледі немесе жұмыстан шығарылуы мүмкін.

Берік Қасен