Спорт

Петропавлда бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған республикалық турнирі жалауын желбіретті

Шаршы алаңның шаңын қағып, бас жүлде үшін таласуға еліміздің 14 облысы, Астана мен Алматы қалаларынан және де көршілес Рейседен ұзын-саны 100-ден астам жасөспірім жиналған.

Марат Абулғазиев – СҚО бокс федерациясының вице-президенті:


–  Жарыста барлық салмақ дәрежесі бар. Ең жеңілі 48 келі. Бұнда жұдырықтасуға 100-ден астам спортшы келді. Жарыста ұлттық құрама сапына алынатын жастарды да байқаймыз.

Салтанатты ашылу шарасынан соң көптен күткен жекпе-жек басталды. Ең бірінші болып шаршы алаңға 52 салмақ дәрежесінде Ақмола облысының өрені Ғалым Мырзатаев пен қарағандылық Нұрболат Сапарбай шықты.

Қос жасөспірімнің жұдырықтасуы тартысты болды. Бірінші раунда жан аласып жан беріскен екеуі де бір-бірінің соққыларына соққы қайтарып жатты. 4 жыл бойы құрыштай шыныққан көк бұрыштағы Нұрболат Сапарбай ақыры қарсыласының осал тұсын таба білді. Жанкүйерлердің қиқуымен алға басып, соққыларын аямай қарша боратты. Осылайша ол 66-шы кездесуінде 60-шы жеңісіне қол жеткізді.

Нұрболат Сапарбай – жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы:


–  Кездесу жақсы өтті. Қарсыласым Ақмола облысынан. Бапкерлердің нұсқауы бойынша үш раундта шабуылдау керек болды. Соны орындап шықтым.

Бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған республикалық турнирі 4 күнге жалғасады. Жарыс соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және де дипломдармен марапатталады.

 

Риат Шони