МТРА жаңалықтары

«25 жұлдызды күн» республикалық акциясы жалғасуда

Біздер ұлттық валютаны қиын кезеңде қабылдадық. Егер АҚШ-тың 100 долларлық купюрасын шығаруға 10 жыл жұмсалса, теңгені жасауға сол қиын да күрделі кезеңде 1 жыл ғана уақыт кеткен. Алғашқы тиындар мен банкноттардың әрқайсысының шығу тарихы мына көрмеде жайғастырылған.

Ескендір Сүлейменов – «ҚР Ұлттық Банкі» РММ СҚФ бас маманы:

– Бұл көрмеде біз күмістен және алтынан жасалған монеталарды қойып көрсеттік. Олар қазір айналымда жоқ. Олар нумизматтардың жеке коллекцияларынан алынған. 1993 жылдан банкноталардың дизайны өзгерді, қорғаныш элементтері көбейді. Және әлемдегі ең әдемі банкнота болды.

Еліміз кеңестік валютаны қолданыстан шығарған соңғы ел болды. Бұдан әрі Қазақстан өз қаржы саясатын жүргізуді қолға алды. Қазақтың алғашқы банкноттарын ағылшындық компания басып шығарды. Кейін жаңа басылған теңгелер елімізге 4 ұшақпен жеткізілген. Мұны бүгіндері көпшілік біле бермейді, өйткені ол сол кездерде құпия операция ретінде танылған болатын.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Егемендік алған жылдары банк пен қаржы саласы биік белестерден өтіп, үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында қаржы саласына ерекше мән береді. Бәсекеге қабілетті болу үшін Ұлттық валюта тұрақты болу керек. Бүгінгі бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында төл теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, Ұлттық валюта қабылданғанда оны атаудың өзі үлкен бір мәселе болған. Кейбірі, тіпті, оны қырғыздардың «сомы» сияқты атау керек деген екен. Бірақ, кейін бәрібір де төл теңгемізге қазіргі атау берілді. Кейін облыс әкімі қаржы саласының дамуына үлес қосқан 5 ардагерге Құрмет грамотасын табыс етті. Олардың қатарында Тілек Әбдірахманов та бар.

Тілек Әбдірахманов – еңбек ардагері:

 


– Теңге айналысқа кірердің алдында мен пошта саласында еңбек еттім. Ол кездері ақшаның 97 пайызы біздің мекеме арқылы өтетін. Халыққа беретін зейнетақы, жалақы біз арқылы өтетін. Облыс бойынша біз үлкен жұмыс атқардық.

Бұл күні тағы 6 азамат облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Мағжан Ахмадина