МТРА жаңалықтары

Бескөлде 25 кәсіпкердің тауары қойылған сауда павильоны ашылды

Айгерім Ержанова – тілші:

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қызылжар ауданының орталығында 25 кәсіпорынның өнімі қойылған сауда павильоны ашылды. Мұнда тек қана солтүстікқазақстандық тауарлар саудаланады. Нысанның аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Ал әр кәсіпкерге мұннан кем дегенде 10 шаршы метр аумақ беріледі. Оны саудагер 1 ай тегін қолдануға құқылы.

Бастысы, мұндағы тауардың бағасы өзге сауда нүктелеріне қарағанда біршама арзан. Яғни, бұл жер – келушілер үшін өте тиімді болмақ.

Тілеубай Есжанов – Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:


–  Дүкеннің бағасынан 10-нан 20%-ға дейін арзан болады. Өйткені өндіруші өз тауіарын өзі сатады. Яғни, арада ешқандай делдалдар жоқ. Тікелей өзі саудалайды. Дүкеншінің ақшасын төлейді. Одан басқа оның шығыны жоқ.

Гүлшат Шакирова экологиялық таза әрі өте пайдалы өнімін сауда павильонына орналастырған. «Анолит» деп аталатын мына зат дертке дауа болар сұйықтық. Әсіресе, қант диабетінің соңғы сатысына жеткендер мен онкологиялық ауруға шалдыққандарға ем. Тек оны дұрыс қолдана білу қажет дейді кәсіпкер.

Гүлшат Шакирова – «Шакирова» ЖК директоры:


–  2015 жылы Мәскеулік институт америкалық ғалымдарға «Анолитке» қарсы тұра алатын бактериялардың бар жоғын зерттеп, анықтап берулерін өтінген еді. Биыл соның нәтижесі келді. Қорытындыда ешқандай бактерия бұл сұйықтыққа қарсы тұра алмайды деп жазылған. Бүгінде «Анолит» қауіпсіз әрі микробтарды толығымен жоя алатын жалғыз сұйықтық. Айта кеткен жөн, шетелде дәл осындай өнімнің көмегімен түрлі аурудан емдейтін арнайы клиникалар бар.

Мұндай емдеу мекемесін ашуды кәсіпкер Гүлшат Шакирова да жоспарлап отыр. Бірақ, ол үшін нәзікжанды ең алдымен арнайы мамандарды оқытып, дайындап алу қажет дейді. «Анолитті» өндіріске шығаруды кәсіпкер биыл ғана қолға алған. Бүгінде оның кәсіпорыны айына мұндай сұйықтықтың 40 тоннасын шығаруға қауқарлы. Ал шипасы бар судың литрі 1000 теңгені құрайды. Бірақ, әзірге «Анолит» сауда айналымына шыққан жоқ. Дегенмен, биыл бұл тауар «Қазақстанның үздік тауарлары» сайысына қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленген.
Ал жеке кәсіпкер Алёна Левина осыдан екі ай бұрын жаңа туған сәбилерге арналған ұя жасауды қолға алған. Мұндай бесік нәрестеге өте ыңғайлы әрі жылы болады. Өйткені ол мақта мен гипаалергенді холлафайверден тігіледі. Жас кәсіпкер 1 ұяны дайындап шығару үшін небәрі 1,5 сағатын жұмсайды екен.

Алёна Левина – «Левин» ЖК иректоры:


–  Мұндай бесік жасау идеясы маған жақында ғана келді. Ол кезде аяғым ауыр еді. Қазір менің сәбиіме екі ай ғана толды. Өзіміз қолдан тігілген бесіктен шықпаймыз. Қызым ұяда мазасызданбай, жақсы ұйықтайды. Емізгенде де қолыма, бесігімен бірге аламын. Оны кереуетке де дәл осы қалыпта жатқызуға болады. Жолға да алып шығу ыңғайлы.

Саудаға қойылған тауарлар ассортиментімен Елордадан келген ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко да танысты.

Елена Тарасенко – ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Астана қаласы:


–  Жайғастырылған тауарлардың сапасы жоғары екендігі көрініп тұр. Мұннан біз тек қана бір кәсіпкердің емес, ондаған кәсіпкердің жұмысын байқадық. Негізінен солтүстік жерінде мен білмеген, естімеген тауарлар бар екен. Осы алған беттен қайтпау керек. Барлығына сәттілік тілеймін.

Сондай-ақ, бұл күні Астанадан келген мейманға облыс орталығындағы 280 бүлдіршінге арналған «Еркем-ай» балабақшасы да көрсетіліп, таныстырылды. Айта кеткен жөн, бұл мекеме мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ашылған.

Айгерім Ержанова