Бизнес және экономика

Бизнесті мемлекеттік қолдау



 

Ұлттық нақыштағы ағаш бұйымдарды жасау – Көшербай Қасымовтың сүйікті ісі. Енді ол осы ісін кәсіпке айналдырсам дейді. Бұл үшін жуырда жеке кәсіпкерлік ашыпты. Әлі қажетті жабдықтар мен арнайы шеберхана жоқ. Оны жасақтау үшін Көшербай Қасымов 1 млн теңге көлеміндегі грант алуға ниетті.

Көшербай Қасымов, кәсіпкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бұл ақшаға мен заманауи құрылғылар алмақпын. Сонда өнімді жасау уақыты қысқаратын болады. Тапсырыс та артады.

Ал Нина Малинина Тайынша ауданында балалар аттракционын ашпақшы. Жоба құны – 1 млн 200 мың теңге. Жалпы кәсіпкерлер 3 млн теңгеге дейін грант алу мүмкіндігіне ие. Қаражат «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының 4-ші бағыты бойынша республикалық бюджеттен бөлінбек.

Нина Малинина, кәсіпкер, Тайынша ауданы:
– Біздің ауданда балаларға арналған аттракциондар жоқтың қасы. Сондықтан балаларымызды Көкшетау қаласындағы саябақтарға апарамыз. Егер жобамызды қолдаса, ісіміз өрге домалайды деп сенемін.

Байқау комиссиясы жобаның жан-жақтылығы, құжаттардың толықтығы мен идеяның зерттелуіне мән берді. Тағы бір талап – жеке кәсіпкерліктің тіркелгеніне 1 жылдан аспауы тиіс. Отырыста мұндай 8 өтініш қаралды. Комиссияның шешімі келесі аптада қабылданбақ. Алайда бұл байқаудың тек бірінші кезеңі ғана.

Инеш Шоқақова