МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Қызылжар” тұрғын-үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Берік Жүнісов – «Казградстрой-НС» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Мына 12 қабатты үйде 167 пәтер бар. Бүгінде үлескерлер мұндағы баспаналардың барлығын сатып алды. Ал 16 қабатты нысандағы пәтердің 90%-ының иесі бар. Нысан орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Бұл кешенде барлығы 360 отбасы тұратын болады.

Бастапқыда пәтердің шаршы метрі 120 мың теңгеге саудаланған. Қазір оның орташа бағасы 160 мың теңгені құрайды. Бибісара Сақыпкерееваның пәтері мына ғимараттың 3-ші қабатында орналасқан. Оның жалпы аумағы 66 шаршы метрді құрайды. Қазір нәзікжанды үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бір айдың ішінде ол жуынатын бөлмесі мен дәретхананы ретке келтіріп алған. Су мен жарық та қосулы. Баспанасы өте кең әрі жайлы.

Бибісара Сақыпкереева:

– Бұрынғы пәтерім көңілімнен шықпайтын. Ас үйі мен дәлізі тым кішкентай еді. Сондықтан, ол баспананы сатып, түскен қаржыға осы жерден пәтер алдым. Қазір жаңа үйім көңілімнен шығады. Өте кең әрі ыңғайлы.

Мұнда барлығы отбасы жайлылығы үшін жасалған. Балалар алаңы да құрылуда. Жақында бұл жерде кішкентай тұрғындар баскетбол ойнап, сырғанақ тебе алады. Және спортпен шұғылдану үшін де жағдай жасалмақ.
Кешеннің тағы бір артықшылығы – ыңғайлы автотұрақтың болуында. Оған бір уақытта 62 көлік сыяды екен. Бүгінде орындардың барлығы сатылып кеткен. Айту керек, бұл -үйдің астында орналасқан Петропавлдағы алғашқы тұрақ. Оның алып жатқан аумағы 2 мың шаршы метрді құрайды.

Берік Жүнісов – «Казградстрой-НС» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Жұмыс барысында заманауи технологиялар мен материалдар қолданылуда. Аула толығымен қоршалады. Бейнебақылау камералары да орнатылады. Барлығы заманауи стильде жасалмақ. Біздің компания монолиттік құрылысты бірінші болып бастады. Ол – өте жылдам әрі сапалы жүргізілетін жұмыс. Айта кеткен жөн, бұл Петропавлдағы алғашқы 16 қабатты баспана.

«Қызылжар» кешені келер жылы толығымен дайын болады деп жоспарланған. Жалпы 16 жыл ішінде «Казградстрой» серіктестігі өңірде көпқабатты 10 баспана тұрғызған. Жоспарда тағы 18 қабатты «Трио» мен “Аққайың” кешендерінің құрылысы бар. Оның біреуі Н.Погодин атындағы орыс драма театры маңында, ал енді бірі Юбилейный көшесінде бой түземек.
Аталмыш жобаны “Бәйтерек девелопмент” АҚ қаржыландырады деп күтілуде.

Айгерим Ержанова