Білім

“Бэст” гимназиясына 20 жыл

Гүлмира Каримова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Сіздердің мектептеріңіз облысымызда білім беру бойынша алда келеді. Бүгінгі мерейтойларыңыз құтты болсын. Шығармашылық табыс тілеймін.

2009-шы жылдан аталмыш білім ордасы еліміздің ең үздік 100 мектебі тізіміне еніп, күні бүгінге дейін мықтылар қатарынан түспей келеді. Бұл ретте мұндағы оқушылардың бойына сапалы білім дарытып жүрген ұстаздар қауымының еңбегі ерен. Салтанатты жиында көп жылдар бойы шәкірттерге тәлім-тәрбие берген бірқатар ұстаздар қауымы қала әкімінің алғыс хатымен және мақтау грамоталарымен марапатталды.

Бүгінде «Бэст» гимназиясында 85 педагог жұмыс жасайды. Оның 60%-ы – жоғары білікті мамандар. Мария Барановская – аталмыш білім ордасының түлегі. Бүгінде ол өзі оқыған мектепте бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілінен сабақ береді.

Мария Барановская – «БЭСТ» гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі:

– «Бэст» гимназиясында ұстаздық еткеніме 3 жыл болды. Алғашында жоғары сынып оқушыларына сабақ беретінмін. Қазір бастауыш сыныпқа ағылшын тілін үйретіп жатырмын. Бұл мамандықты таңдауыма менің ұстаздарым түрткі болды. Олар оқушылармен тез тіл табысып, сабақты да қызықты өткізетін.

Айту керек, Петропавлдағы аталмыш білім ордасы соңғы уақытта 11-сынып оқушыларының білім деңгейін анықтайтын ҰБТ-ден алдыңғы орында келеді. Өткен жылғы орташа ұпай 101,2 -ні құраған. Бұл үрдісті биылғы түлектер де жалғамақ.

Алишер Сәбитов – «БЭСТ» гимназиясының оқушысы:

– Гимназияда мен 1-ші сынптан оқимын. Ұстаздарымыз өте білікті мамандар. Мектебімді мақтан тұтамын.

Қазір «Бэст» гимназиясында 1 мыңнан астам бала білім алуда. Олар мұнда ағылшын, француз және неміс тілдерін меңгереді.

Надежда Заиченко – «БЭСТ» гимназиясының директоры:

– Бүгінде біздің шәкірттеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етеді. Сонымен қатар, Германия мен АҚШ елдерінде жұмыс істеп жатқан түлектеріміз бар. Оқушыларымыз үнемі халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алады. Мектебіміз екі мәрте ҚР Білім және Ғылым министрлігінің грамотасымен марапатталды.

Шара мектеп оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен ұласты.

Айгерим Ержанова