МТРА жаңалықтары

Петропавлдық студенттер өз білімдерін шеберлік сабағында толықтырды

Ольга Дмитриева – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің өндірістік оқыту шебері:

– Біз колледжде өткізілетін сабақта қабырғаны құм қосылған балшықпен сылаймыз. Ал, бұл жерде цемент ерітіндісін қолданудамыз. Ол сұйық болғандықтан, жабыспай құлай береді. Сондықтан, жұмыс барысында қалақ, сызғыш сынды құралдарды жиі қолдану қажет. Жалпы, бұл тәжірибенің жастар үшін пайдасы мол. Олар мұнда шеберліктерін шыңдап, біліктіліктерін арттырады.

Кейін, іске жастар білек сыбана кірісіп кетті. Олар алдымен цемент ерітіндісін қабырғаға жапсырады. Содан соң оны, арнайы құралдың көмегімен тегістейді. Бұл жұмыстың барлығын Еркегүл Береке еш қиындықсыз атқаруда. Ол сылақшы болуды бала кезінен армандаған.

Еркегүл Береке – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Маған сылақшы маманы болу ұнайды. Бізге тәжірбие кезінде шебер барлығын түсіндіреді. Кейін, біз сол бойынша жұмыс істейміз.

Студенттер “ПМК-5” серіктестігі тұрғызып жатқан 55 пәтерлі үйде қазанның 17-ші жұлдызынан оқу-өндірістік тәжірбиеден өтуде. Олар мұнда екі апта бойы жертөленің қабырғасын сылап қана қоймай, ішкі әрлеу жұмыстарын да қатар атқаруда. Жастардың еңбектерін кәсіпорын басшылығы жалақымен өтейді.

Дәурен Брімжанов – “ПМК-5” ЖШС учаске басшысы:

– Жастар жұмысты жақсы істейді. Олар мұнда 6 сағат еңбек етеді. Біз әр сағатына 250 теңге жалақы береміз.

Жалпы, бүгінде Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде жұмысшы мамандығы бойынша 280 студент білім алады. Олардың 70-і – сылақшы. Жастар әр жыл сайын шеберліктерін шыңдау үшін 30-дан аса кәсіпорында оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді екен.

 

Култанов Байболат