Спорт

“Стрела” құрамасы республикалық “Мен чемпион” жобасының ширек финалына жолдама алды

–  Бұл жерде дәл қазір сайысқа түсетін командалар соңғы дайықтарын пысықтауда. Ортада Павлодар облысының “Рекорд” және СҚО “Стрела” құрамалары күш сынаспақ. Жарысқа біздің жігіттердің дайындығы қалай екен!?


Александр Науменко – “Стрела” құрамасының капитаны, СҚО:


–  Біз ойынға толықтай дайынбыз. Сайыста өңіріміздің намысын абыроймен қорғаймыз. Жеңіске жетуге уәде береміз.

Сонымен бәсеке басталды. Алғашқы дода “көпсайыс” деп аталады. Мұнда ойыншы скейдбортпен сырғанап арнайы кедергіден өтеді. Кейін, қашықтықты қаппен секіру арқылы бағындырып, өз кезегін командаласына береді. Бұл сында теріскейліктер шебер өнер көрсетті. Құрама ұжым болып әрекет етудің арқасында “Стрела” өрендері республикалық жобадағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.

Келесі сайыс – “арқан тарту”. Бұл додада жергілікті өрендер павлодарлықтарды оңай тізе бүктірді. Небәрі 6 секунд ішінде білекті ұлдар қарсыластарын белгіленген сызықтың сыртына шығарды.

Дегенмен, “Рекорд” құрамасының ұл-қыздары қалған сайыста есе қайтарып, жеңіске жететіндіктеріне сенімді.

Илья Зайцев – “Рекорд” құрамасының ойыншысы, Павлодар облысы:


–  Біз жеңіске жетеміз. Жарысқа ұзақ дайындылдық. Құрамадағы ойыншылардың барлығы мықты. Олардың көбі спортпен шұғылданады.

“Алып дөңгелек”. Жобадағы үшінші сайыс осылай аталады.

Бұл бәсекені қонақ құрама сауатты бастады. Олар дөңгелекті шыр айналдыра жүгіріп, самокатты да жылдам тебе білді. Дегенмен, павлодардықтар асықты ма екен жиі қателіктерге бой алдырды. Мұны сауатты пайдаланған жерлестеріміз сайыста тағы жеңімпаз атанды. Сонымен, есеп 3-те 0, “Стрела” құрамасы алда. Жанкүйерлер болса өздерінің сүйікті командаларына қолдау білдіруде.

Көрермендер үшін “капитандар сайысы” тіпті қызықты өтті. Қос ұжымның көшбасшылары ортада жеңіс үшін жан алысып жан берісті. Бәсекенің басында стрелалық Александр Науменко ұпай сандары бойынша алда тұрған. Бірақ, қарсылас ойыншы тез ес жиып есепті теңестірді. Ақтық тартыста намысқа тырысқан теріскейлік өрен жеңімпаз атанды.

5-інші сайыста да Солтүстік Қазақстан облысының ұл-қыздары қарсыласты айқын басымдықпен ұтты. Осылайша жерлестеріміз республикалық жобаның ширек финалына жолдама алды.

Михаил Дедов – жарыстың бас төрешісі:


–  Ширек финалда Қостанай облысының “Акула” және қызылордалық “Спарта” құрамалары кездеседі. Тағы, Жамбыл облысының “Барыс” пен Ақтөбе облысының “Ақберен” ұжымының жастары ойнайды. Жобадағы барлық бәсеке тартысты өтуде.

Енді, ертең “Стрела” құрамасы ширек финалда Алматы облысының “Соколымен” күш сынасатын болады.

 

Байболат Құлтанов