МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұрғын үйлер бой көтеруде

Сулейман Авхадов – «Домстройсервис» ЖШС прорабы:


–  Қазір үйлерде ішкі әрлеу жұмыстарына кірістік. Нысанда 33 адам еңбек етуде. Пеш салынып жатыр. Су, жылу және кәріздік желілер өткізіледі. 3 бөлмелі пәтерлердің қаладағы үйлерден еш айырмашылығы болмайды.

76 шаршы метр болатын баспаналардың маңында қора-қопсы да тұрғызылуда. Бұдан бөлек, үй ауласындағы 10 соток жерде бау-бақша дақылдарын егуге болады. Аталған баспаналар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеруде.

Қизат Құрманбаев- Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:


–  Бұл үйлерге отбасын құрған жетім балалар жайғастырылады. Алғашқы келісімшарт олармен 5 жылға жасалады. Айына жас жанұялары 5 мың теңгеден төлеп отыруы тиіс. Кейін өздері қаласа осы үйлерді сатып алуға болады.

Баспаналар қарашаның соңында тапсырылуы тиіс. Әзірге, барлығы жоспарға сай жүргізілуде. Олардың құрылысына республикалық бюджеттен 41 млн теңге қаржы бөлінген. Тағы Аққайың ауданының орталығы Смирново елді мекенінде 2 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. 18 пәтерлі баспаналар да жас отбасыларға берілмек.

Қизат Құрманбаев- Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

 

– Жатақханалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының қатысушылары, яғни дәрігерлер, ұстаздар, жұмысшыларға берілетін болады. Қазір біздер 36 отбасын таңдап жатырмыз. Олардың барлығының жасы 29 аспауы тиіс. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары. Сондықтан алғашқы келісімшарт 5 жылға жасалады. Олар мұнда айына 6 мыңдай жалға алу ақысын төлейді. Тағы коммуаналдық қызметтер бар.

Ай соңында тапсырылуы тиіс 1-2 және 3 бөлмелі пәтерлерде де шаруа аяқталуға жақын. Бүгіндері баспананың маңында қазандық салынып, жылу берілген. Енді ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу керек. Мердігер компания – «Лира» серіктестігі. Аталған нысанды тұрғызуға республикалық бюджеттен 540 млн теңге жұмсалған. Қазір Аққайың ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы 29 үй қолданысқа беріліпті. Алдағы уақытта тағы 18 пәтерлі 2 және 8 жеке үй тұрғузы көзделген. Жалпы бүгіндері 180 аққайыңдық баспана кезегін күтуде.

Мағжан Ахмадина