Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Мен чемпион” жобасының республикалық кезеңі бастау алады

Енді, қазір бірер сәттерден соң өрендер өңірлерінің намысын тартысты додада қорғамақ. Сайыстың басталуымен балғындарды СҚО әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  “Мен чемпион” – білімді, білікті оқушылардың басын қосатын спорттық жарыс. Бұл сайыстың мектептік кезеңінен республикалық деңгейге дейін жетуі үлкен қуаныш. Бүгінгі додада қызықты ойындар, қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Кейін, аймақ басшысы әр команда мүшесіне “Мен чемпион” жазуы бар естелік қол сағаттар, жеңіл жейде мен бас киімдерді тарту етті.

Айта кетейік, Петропавлда республикалық балалар-спорттық ойыны “Мен чемпион” жобасы алғаш рет өтіп отыр. Ақтық сайысқа жолдама алу үшін еліміздің барлық аймағында 120 мыңнан аса оқушы сынға түсіпті. Мұндай кең ауқымдағы доданың ұйымдастырылуын Білім және ғылым министрлігі де қолдаған.

Қалкен Жахин – ҚР БҒМ тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:


– Финалға 16 құрама қатысып отыр. Олар еліміздің
әр өңірлерінен келді. Осындай жарыс арқылы біз балаларды салауатты өмір салтына баулимыз.

Байболат Құлтанов, тілші:


–  Қазір республикалық балалар-спорттық ойыны “Мен чемпион” жобасы алғашқы кездесуі басталады. Ортада Қостанай облысының “Акула” және ОҚО “Искра” құрамалары күш сынасады.

Сонымен, жанкүйерлер тағатсыздана күткен жарыс басталды. Бірінші бәсеке “көпсайыс” деп аталады. Мұнда оқушылар аз уақыттың ішінде туннельден өтіп, теннис добын себетке қашықтықтан дөп тигізулері тиіс. Кейін, кезекті командаласына береді.

Михаил Дедов – жарыстың бас төрешісі:


–  Жарысты төрешелер мұқият бақылайды. Біз оқушыларға тапсырманы орындар алдында сайыс ережесін түсіндіреміз. Әр сында жеңіске жеткен командаға 6 ұпай беріледі. Осылайша доданың 1-де 8-ші финалында үздіктерді анықтап, келесі кезеңге жібереміз.

Бұл сайыста Оңтүстік Қазақстан облысының өрендері белсендік танытты. Олар берілген уақыт ішінде тапсырманы орындады. Жылдамдық пен дәлдіктің арқасында Искра құрамасы жарыстағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.

Ал, келесі сында қостанайлықтардың жолдары болды. “Акула” құрамасының жастары секіргішпен 1 минутта 20 рет секіріп қарсыластарынан басым түсті.

Сонымен, таразы басы тең. Дегенмен, “Искра” командасының капитаны Ахмет Байтұрсынов келесі тапсырмаларда жеңіске жететіндіктеріне сенімді.

Ахмет Байтұрсынов – “Искра” құрамасының капитаны, ОҚО:

– Жарысқа үш ай дайындалдық. Біз бұл ойында жеңіске жетеміз.

Додада өрендер 5 түрлі сайыста күш сынасты. Қалған бәсекеде Қостанай облысының “Акула” құрамасы жеңіске жетті. Жалпы, “Мен чемпион” жобасының республикалық кезеңі Петропавлда қарашаның 4-не дейін жалғасады. Ал, сайыста чемпион атанған команда ауыспалы кубок және бағалы сыйлықтарға ие болады.

 

Байболат Құлтанов