МТРА жаңалықтары

Бір аптада жергілікті «ВТОРСЫРЬЕ» серіктестігі Алматыға 15 тонна қоқысты қайта өңдеуге жөнелтеді

Бұл үйме-үйме қоқыстың бәрі қайта өңдеуге жарамды. Мәселен, бұрышта жатқан мына пластмасса сынықтары 3Д принтердің бір бөлшегін құруға қажет екен. Айту керек, өңірімізде бұл іспен «ВТОРСЫРЬЕ» серіктестігі айналысады. Аталған кәсіпорын айына шамамен 60 тонна қоқыс жинайды.

Қайыржан Айсин – «ВТОРСЫРЬЕ» ЖШС директоры:


–  Біз қалдықтарды сатып алумен айналысамыз. Бүгінде облыс орталығында арнайы қоқыс қабылдайтын 4 орын бар. Олар Жұмысшы кентінде, «Сокол», «Семейный» және «Корона» сауда үйлерінің маңында орналасқан. Күн сайын бізге көптеген керексіз заттар әкелінеді. Оны біз сатып аламыз. Мысалы 1 келі қағаз 15 теңге тұрады. Ал машинаның жүк салғышына 300 кг қоқыс сияды. Яғни, бір келгенде сіз қалдықтарды сатып, 7 мың теңге ақша қыла аласыз.

Күніне «ВТОРСЫРЬЕ» серіктестігі 2 тоннадан артық қоқыс жинайды. Оның бәрі іріктелініп алынады. Ол үшін жақында кәсіпорын директоры Қайыржан Айсин «Даму» қоры арқылы 20 млн теңге ақшалай көмекке қол жеткізіп, арнайы техника сатып алыпты.

Кеңес Мұқышев – «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


–  Ағымдағы жылдың басында Қайыржан Айсин қала әкімінің қабылдауында болды. Кездесу барысында Тасмағанбетов қатты қалдықтарды шаһар полигонында іріктеумен айналысуды ұсынды. Өйткені, бұл экологиялық тұрғыда өте тиімді болмақ. Мәселен, полигонға айына 100 тонна қоқыс әкелінеді. Ал «ВТОРСЫРЬЕ» серіктестігі 30 күнде 60 тонна қалдықты Алматы қаласына қайта өңдеуге жібереді.

Бүгінде серіктестік полигондағы жұмысты бастау үшін арнайы құжаттарды әзірлеу үстінде. Кәсіпорын іске шамамен 1-2 айда көшпек. Осылайша мұнда 10-нан астам адам екі қолға бір күрек табады деп жоспарланған.

Айгерим Ержанова