МТРА жаңалықтары

СҚО ветеринария басқармасы Ресейдің шекаралас үш өңірімен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты

Қазіргі таңда Еуразиялық экономкалық одақ және Бүкіләлемдік сауда ұйымы шетелдермен арадағы тауар айналамын ұлғайтуға мүмкіндік ашып отыр. Осы тұста мамандар Қазақстан мен Ресей арасында тасымалданатын ет, сүт өнімдеріне бақылауды күшейтулері қажет.

Ербатыр Мадияров – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:


– Біздің әріптестігіміз екі елдегі эпизоотикалық жағдайының жақсаруына, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға жаңа серпін береді деген сенімдемін. Қазіргі таңда тұрғындардың қауіпсіздігі басты орында. Ел ішінде және шекара арқылы мал етін тасымалдаушыларды қатаң бақылауға алып, малдан малға және адамға жұғатын аурулардың таралып кетпеуін қадағалау – барлығымыз үшін ортақ міндет.

Біздің өңіріміздегі эпизоотикалық жағдай тұрақты. Соңғы рет облыс аумағында сібір жарасы 91 жылы тіркелген болатын. Мал дәрігерлері жылына екі рет үй хайуанаттарының барлық түріне бруцеллез бен түйнемеге қарсы екпе жасап тұрады.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:


– Жыл басынан бруцеллезға 425 мың 581ірі қара тексерілді. Сарып ауруын оның 764-і жұқтырды деген күдік бар. Ауруға шалдыққандардың барлығы мерзімінде санитарлық союға әкелініп, індеттің таралып кетпеуі үшін қажетті дезинфекция жасалынды. Сондай-ақ, жыл басынан Сібір жарасына қарсы да вакциналау жүргізілді.

Өңірімізде төрт түлкі мал туылған күннен бастап электрондық базаға енгізіледі. Және сойылып сатылғанға дейін мамандардың бақылауында болады. Бірақ, бекеттер мен шекаралардан етті рұқсат құжаттарынсыз алып өту фактілері азаймай отыр.

Сондай-ақ, аумақтық инспекция мамандарының айтуынша, соңғы жылдары ветеринарлық санитарлық нормалардың бұзылуы екі есеге артқан. Көбінесе алып-сатарларда ілеспе құжаттары болмай шығады. Мұндай жағдай Ресейде де жиі орын алады екен.

Владимир Плащенко – Омбы облыстық бас ветеринария басқармасының бастығы, РФ:


– Біз Омбы облысындағы эпизоотикалық жағдайлы тұрақты ұстап тұруға бар күш жігерімізді салудамыз. Облыс орталығында үй хайуанаттары, жабайы аң-құстардың ауруын зерттейтін орталығымыз бар. Бүгінде шетелдіктердің алдыңғы қатарлы технологияларын енгіздік. 38 көрсеткіш бойынша зерттеу жұмыстарының нәтижесін аз уақыттың ішінде шығарамыз. Соңғы бес жылда Омбы облысында айтарлықтай жұқпалы індеттің таралу фактісі тіркелген жоқ.

Десе де соңғы үш жылда ірі қараның лейкозы, жабайы аңдарда кездесетін трихинеллёз, африкалық оба, аусыл, қорасан аурулары Ресейдің бірқатар аймақтарында жиі кездесетін болған.
Жиында, сондай-ақ, ресейлік мамандар жаңашылдықтарымен бөлісті. Қазақстандық мал дәрігерлеріне жиірек кездесіп, етене араласып, тығыз жұмыс жасауды ұсынды. Бұдан кейін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадияров Ресейдің үш өңірінде әріптестерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Күннің екінші жартысында Ресей өңірлерінен келген делегация Қызылжар және Есіл аударындағы ветеринария қызметінің жұмысымен танысты.

Берік Қасен