Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов М. Жұмабаев ауданына қарасты бірнеше ауылдық округте болды

Асқар Бегманов – М. Жұмабаев ауданының әкімі:

– Көктемде Булаево қаласында жиналған судың 60 пайызы осы көлге қарай ағады. Содан көл арнасынан асады. Қыс мезгілінде мұз кескіш құрылғымен осы көлдегі мұздың бәрін кесіп, Камазбен алысқа апарып тастаймыз.

Биыл М. Жұмабаев ауданына жылжымалы сорғы станциясы, Камаз, автогрейдер мен бір “Батыр” маркалы тракторы алынды. Соңғылары қарды аршып, жолдарға инертті материалдарды себу үшін қажет. Көктемде ауылішілік жолдармен де жүру қиындайды. Осы күні өңір жетекшісіне жергілікті тұрғындар Булаево қаласының көшелеріне қиыршық тас төселіп, Сарытомарға апарар жол күрделі жөндеуден өтсе деген өтініштерін айтты. Ерік Сұлтанов тапсырма биыл болмаса келесі жылы міндетті түрде орындалады деді.

Бүгінде Булаево қаласындағы аудандық орталық аурухананың негізгі корпусына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған қажетті 79 млн теңге “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында бөлінген. Алдағы уақытта корпустың шатыры, есік, терезелері мен жылу және кәріздік жүйелері толығымен жаңартылмақ. Нысан көне болғандықтан құрылыс жұмыстары барысында бір қабырғада жарық пайда болып, аздаған қиындық туындапты.

Валерий Уваров – аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, М. Жұмабаев ауданы:

– Қабырғада аздаған жарықша пайда болды. Сондықтан, мамандар терезелерді орнатпас бұрын жақтауларын темір рамалармен мықтап бекітіп, бандаж жасап жатыр.

Бүгінде М. Жұмабаев ауданынның орталығында 18 пәтерлік 2 қабатты шағын отбасылар жатақханасы салынуда. Ішінде 2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Баспана жыл соңында қолданысқа тапсырылуы мүмкін. Қазір мұнда 30-ға жуық құрылысшы тер төгуде. Барлығы да “СевКазЭнергоСтрой” ЖШС-нің жұмысшылары.

Агамали Ахадов – “СевКазЭнергоСтрой” ЖШС директоры:

– Мұндағы жұмыстар маусымның 27-сі басталды. Қазіргі таңда шаруаның 80 пайызы тындырылды. Іште электриктер мен сантехниктер өздеріне тиесілі істі атқаруда. Бір айдың көлемінде терезелерді толығымен орнатып, төбесін шатырмен жабуды жоспарлап отырмыз. Материалдар тапшылығы жоқ.

Өңір жетекшісі учаскедегі негізгі жұмыстар қараша айында аяқталуы керек деді.

Осы күні аумақ басшысы Полтавка селосына соғып, ОҚО-нан біржола өңірге көшіп келген отбасылармен кездесті. Сержан Спатаев аталған елді мекендегі мектепке мұғалім болып орналасқан. 2 баласы оқушы. Отағасы облыс әкіміне 2 Га жер берілсе бағбандық іспен айналысқысы келетінін айтты.

Сержан Спатаев – Полтавка селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– 2 гектар жерге жылыжай орнатып, көкөніс өсіргім келеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Электр энергиясын тартып беруге көмектесеміз. 2 Га жерді алып, оған картоп, көкөністер өсіріп сататын болсаңыз өнімді өткізу жағынан да көмек беруге әзірміз.

Осы күні Ерік Сұлтанов ОҚО-ның Сарыағаш ауданынан Полтавка селосына көшіп келген тағы бір отбасының үйіне барып, олардың да тұрмыс жағдайларын, жоспарын сұрап білді.

Салтанат Асанова – Полтавка селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Алты балам бар. Отбасымызға берілген үй жылы. Ауылға үйренісіп, адамдарымен араласып жүрміз. Егін, көкөніс егіп, мал ұстау жоспарымызда бар.

Кейін Ерік Сұлтанов көршілес Писаревка селосына барып, ондағы мектептің ұжымымен және жергілікті кәсіпкерлерімен кездесті. Биыл мұндағы орта мектепке 3 бірдей бу қазандығы орнатылады. Онда көмірдің орнына зығыр сабаны жағылады. Қондырғы қарашаның 1-іне дейін іске қосылады. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов мектеп терезелерінің тозғанын көріп, аудан әкімі Асқар Бегмановқа нысанға пластикалық терезелерді орнату қажет деді.

Ал мынау – Бастомар ауылы. Елді мекенде 554 адам тұрады. Жылдан жылға ауыл көркейіп келеді. Бүгінде үйлердің 90 пайызына құбырлар тартылып, тұрғындарға таза ауыз су үздіксіз жеткізілуде. Су тасудан қолы босаған балалар бос уақыттарын мына ойын алаңдарында қызықты өткізетін болды. Бұл жерге ересектер де келіп көше тренажерлерінде жаттыға алады. Қасында тағы заманауи хоккей корты салынуда.

Алдағы уақытта Бастомар ауылында осы спорт түріне қабілеті бар балалардан хоккей командасы жасақталмақшы. Спорттық нысандардың барлығынан жергілікті кәсіпкер Виталий Калиниченко шамамен 5 млн 800 мың теңге жұмсапты. Біртіндеп елді мекен көшелері де жарықтандырылуда. Облыс әкімі Бастомар ауылы іскер азаматтардың арқасында көркейіп жатқанын атап өтті.

Ал адам саны 2 мыңнан асатын Возвышенка селосында жағдай мүлдем басқаша. Мұндағы халық бірінші кезекте таза ауыз су және жолдың мәселесін қозғайды. Тұрғындармен кездескен аймақ басшысы аталған проблемалар алдағы жылдары шешілетіндігін айтты. Ерік Сұлтанов осы елді мекеннің кәсіпкерлерін ауылды абаттандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды. Кейін Возвышенка орта мектебіне барып, білім ошағында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Валерий Кондратов – Возвышенка орта мектебінің директоры:

– Бұл жерде екі ғимарат бар. Біріншісі – 88 жылы, екіншісі 73 жылы қолданысқа тапсырылған. Былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 15 млн теңге бөлініп, ол қаражатқа мектептің шатырын толығымен жаңасына алмастырдық. Қазір мектептің іші жылы. Мұнда 306 оқушы білім алады. Келесі жылы спорт залының терезесін алмастырамыз. Оған жобалық-сметалық құжат дайын.

Бұдан бөлек 2017 жылы ел қазынасы есебінен Возвышенка селосындағы мәдениет үйінің шатыры жөнделетін болды.

Берік Қасен