Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық жастар форумы өтті

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздерге аға буынның ізін жалғастыру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, ХХІ ғасырда Қазақстанның өркендеуі мен әлемге танылуын қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Өңіріміздің белсенді жастары жаңа Қазақстанды құруға өз үлестерін қосады деп сенемін.

Осы жолы да жылдағы дәстүрге сай өз ісінде табысқа жетіп, елеулі нәтиже көрсеткендері назарсыз қалмады, түрлі номинация бойынша марапатталды. Еңбегі еленгендердің арасында халықаралық театрлық-оқу фестивальдерінің қатысушысы, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының режиссері Тимур Кәрімжанов, халықаралық, республикалық ғылыми-зерттеу конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы Татьяна Ермолаева бар.

Татьяна Ермолаева – Беловская орта мектебінің география пәні мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Мен “Үздік жас ғалым” аталымында жеңімпаз болдым. Оқушылардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатымен “Өлкетану” ғылыми жобасын әзірлеп шықтым. Жобаны дайындау үшін 4 жыл тер төктім. Еңбегімнің мұғалімдер мен оқушыларға көп пайда әкелетінініне сенімдімін.

Ал М.Жұмабаев ауданының тұрғыны Иван Горбаль өмірін қатерге тігіп, лапылдап жанып жатқан үйдің ішінен үш балғынды алып шыққан. Сондықтан да ол “Жас батыр” номинациясының жеңімпазы атануға лайықты.
Салтанатты жиында қалада жоғары білім алып, туып-өскен ауылдарына дәрігер, мұғалім маманы болып оралған азаматтар да сый-құрметке ие болды. Олар ертең елдің дамуына үлес қоспақ.

Марапатталғандардың арасында шетелде ел даңқын асқақтатып жүрген спортшылар да бар. Осы жиында қайырымдылық қоры мен үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілерінің де игі істері есекерусіз қалмады.
Ел экономикасының дамуына шағын және орта бизнестің қосатын үлесі қомақты. Соны білген жастар осы салаға біртіндеп бет бұруда. Александр Антоненко жеке шаруа қожалығын 2011 жылы 24 жасында құрған.

Александр Антоненко – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Ел экономикасын одан әрі дамыту үшін жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеріңдер. Шеберліктің шыңына жетіп, дара тұлға болуға талпыныңдар. Мен сияқты жастар ауылда бел жазбай еңбек етіп жүр.

Қазіргі таңда, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында маман тапшылығы өткір сезілуде. Мал дәрігерлері, агрономдар мен заманауи техниканың тілін білетін механизаторлар аз. Осы олқылықтың орнын ОҚО-нан келген жастар толтырады деген сенім бар. Гүлнар Есбатырова – “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша өңірімізге күнгейден келген жастардың бірі. Нәзікжанды қазір Петропавл қаласының темір жол көлігі колледжінде білім алуда.

Гүлнар Есбатырова – Петропавл қаласының темір жол көлігі колледжінің студенті:

– Мен үшін бұлбағдарлама сапалы білім алуға мүмкіндік тудырды. “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алуға келген, ұмтылған жастардың арасындағы алғашқы қарлығаштарының қатарында болғаным үшін өте қуаныштымын. Жазғы демалыста ОҚО-на барғанда, жақындарыма, достарыма ұлы ақын М.Жұмабаев туған өлкенің тамаша табиғаты, Солтүстік аймақтың салт-дәстүріндегі ерекшеліктер туралы әңгімелеймін.

Сөз кезегі жеңіл атлетикадан ҚР спорт шебері Екатерина Эктоваға берілді. Биыл төрткүл дүние көз тіккен Рио-де-Жанейро жазғы олимпиадасына ел намысын қорғаған жерлесіміз құрдастарына кеңесін берді. Спортшы Екатерина Эктова қиындықтарды жеңе білген адам ғана биік шыңдарды бағындыра алады деп залда отырған жастарды жігерлендірді.
Өңір жастарына арналған форум концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Берік Қасен