МТРА жаңалықтары

ҚР Ұлттық банкі доллар бағамының көтерілуіне байланысты депозиті бар азаматтарға ел бойынша 36 млрд теңге өтемақы төлеген

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Ұлттық банк қазанның 10-ы күні алғашқы траншты жасады. Ел бойынша ол 36 млрд теңгені құрады. Ал қазан айында өтініш бергендерге енді қарашаның 10-ы күні ақшалары қайтарылады. Айта кету қажет, төленген өтемақы депозиттің 77 пайызын құрап отыр.

Мың құбылған АҚШ валютасы қазір 333 теңге маңында тұрақтап тұр. Өтемақы төлеу науқаны жыл соңында аяқталады.
Сондай-ақ, еліміздің Ұлттық банкінен қазанның 4-і күні 2006 жылы шыққан 2, 5 және 10 мыңдық купюралардың айналымнан шығарылатындығын айтқан болатын. Дегенмен де, барлығы бірдей алынып тасталынбайды. Күнделікті қолданыста ескерткіш банкноттар қалады екен.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– 2008 жылы ұлттық валюта – теңгенің 15 жылдығына орай номиналы 5 мың теңге болатын ескерткіш купюра шығарылды. Бұның өзгелерінен ерекшелігі ұшып келе жатқан қанық түсті қыранның бейнесі бар. Ал 2011-ші жылы 7-ші қысқы Азия ойындарына арналып 2000 теңгелік ескерткіш банкнота шығарылды. Бұның арт жағында трамплиннен секіріп келе жатқан шаңғышы бейнеленген. Бұлар заңды түрде қолданыста қалады.

Айта кету қажет, 2006-шы жылы шығарылған 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноттарды келер жылдың қазан айына дейін екінші деңгейлі банктер ауыстырып беруге міндетті. Егер де аталған қаржы ұйымдары бұны орындамаса онда оларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады екен. Ал жалпы Ұлттық банктің филиалдары бұл банкноттарды 2020 жылға дейін айырбастайды.

 

Риат Шони