Денсаулық сақтау

10-шы қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні

Татьяна Яковлева, СҚО Психоневрологиялық диспансері жанындағы емхана психологы:

– Қазанның 10-ы – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні. Бұл ретте жүйке жүйесі ауруларының алдын алу мақсатында қоғамды ақпараттандырып, түрлі шаралар өткіземіз. Кез келген адамның басында қиыншылықтар болады. Күйзеліске ұшыраған адам өзі ойламаған іс-әрекетке баруы мүмкін. Сол себепті, азаматтар басына түскен кез келген жағдайда мінедетті түрде психологқа жүгінсе дейміз. Аталмыш дертке туа-бітті шалдыққан адамдар да бар. Олардың барлығы бізде арнайы тізімде тұр. Әр уақыт келіп қаралып тұрады.

Бүгінде психикалық сырқатпен ауыратындардың дені – жастар. Отбасындағы келеңсіздіктер мен жеке бас күйзелісіне шыдамай, суицидке баратындардың басым бөлігі де солар дейді психолог мамандар. Сол себепті, есейіп келе жатқан баласына ата-ана көп көңіл бөлуі тиіс.
Кейінгі жылдары өңірде өз-өзіне қол жұпсап, қаза тапқан жасөспірімдердің саны едәуір азайған.

Екатерина Пропащева, СҚО Психоневрологиялық диспансері жанындағы емхананың меңгерушісі:

– 2015 жылы дипансерде 2000-нан артық адамға көмек көрсетілді. Күндізгі стационарда 300-ден артық адам емделді. Кеңес алуға, алғашқы тексерілуге келетін азаматтар да жетерлік. Жүйке жүйесі аурулары негізінен күз бен көктем мезгілдерінде асқына түседі. Кей адамдар уақыт өте келе айығып, біздің тізімнен алынып тасталынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше әлемде 450 млн-нан астам адам психикалық және неврологиялық аурулардан зардеп шегуде. Ал, жергілікті психолог мамандардың ақпаратына сүйенсек, Солтүстік Қазақстанда әрбір төртінші адам психиатр маманның көмегін қажет етеді екен. Психологтың қабылдауына жазылғанның барлығы – жүйке жүйесі ауруларына шалдықты деген сөз емес. Көлік рөліне алғаш отырарда немесе емтихан алдында бойын қобалжу билеген жандар да аталмыш маманның кеңесін ала алады.

Акбопе Танирберген