МТРА жаңалықтары

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылығының облыстық фестивалі өтті

Аягөз Әубәкірова – СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бас маманы:

– Мұндай шара жарымжан жандардың шығармашылық әлеуетін көтеріп, алдағы уақытта өнерлерін одан әрі шыңдауға ықпал ететіні сөзсіз. Жыл сайын бұл фестивальға қатысатын өнерпаздардың саны да артып келеді. Олардың ішінде өте талантты балалар бар. Бұл қатысушылар облыс көлемінде өтетін жиындарға да жиі атсалысып тұрады.

15 жасар Владислав Добош сахнада өнер көрсетуді бала кезден армандаған. Бүгінде ол мақсатына жетті. Жыл сайын жасөпірім өңірде өткізілетін түрлі шараларға қатысып, ән шырқайды. Қимыл-қозғалысы қиын болса да, Владислав үнемі көңілді әндер орындағанды жаны сүйеді.

Владислав Добош – Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған Петропавл үй-интернатының тәрбиеленушісі:

– Бүгінгі кеште мен көрермендерге өзімнің сүйікті әнім “Художникті” шырқап бердім. Ол залда отырған әрбір адамға жақсы көңіл-күй сыйлағанына сенімдімін. Өйткені, оның музыкасы өте көңілді. Бірақ, өзім лирикаға жақынмын. Жалпы мен 2011-ші жылдан бастап ән айтамын.

Қатысушылардың өнерін көрермен қауым жылы қабылдап, қошеметін аямады.

Сонымен қатар, бұл күні қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Оған қойылған заттардың барлығын мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері жасаған.

 

Айгерим Ержанова