МТРА жаңалықтары

Еңбек әулеттері жастармен кездесті

Осы мерзім аралығында елімізде заманауи зауыттар мен кәсіпорындар, жаңа күре жолдар салынып, ондаған мың жаңа жұмыс орындары құрылды. 25 жылдың ішінде мемлекетемізде кедейшілік көрсеткіші 2 пайызға төмендепті. Біртіндеп еңбек өнімділігі артып келеді.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бiрiншi орынбасары:


– Елбасымыз Н. Назарбаевтың қаулысымен 2014 жылдан бері Қазақстанда ресми түрде “Еңбек күні” аталып өтуде. Жыл сайын үздік ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне, металлургтерге, мұнайшыларға, ұстаздарға, дәрігерлерге және өзге де кәсіп өкілдеріне медальдар мен марапаттар тапсырылады. Қазіргі таңда еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың деңгейі көтеріліп, еңбек қатынастары туралы заңдарымыз жетілдірілуде. Кәсіби мамандар даярлау саласында сапалы өзгерістер жүзеге асырылып, кәсіпорындар дуальды білім жүйесіне атсалысуда.

Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңыздылығын айтты. Баланы жастайынан еңбекқорлыққа баулыса, ол ер жеткенде мемлекетке, ата-анасына масыл болмай өз бетінше әрекеттенеді деді. Сара Тасеменова үлкен адамды, еңбекті құрметтеуге шақырды. Жұмысшы мамандықтарын таңдап, дамыған елдердің тілі мен соны технологиясын жетік меңгеру де табысты болу мен дамуымыздың бір кепілі екендігін тілге тиек етті.
Жастар еңбек өтілдері 60 жылдан асатын әулеттермен бетпе-бет жүздесіп, олардың әңгімесін тыңдады. Осы отырған азаматтар өңіріміздегі машина жасау зауыттарында, түрлі өнімдер шығаратын кәсіпорындарда отбасымен жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, халық үшін маңызы зор жұмыс атқарады.

Анатолий Голодников – “Қызылжар су” ЖШС темір ұстасы:


– Әскерден келіп, әкемнің кеңесі бойынша “Қызылжар су” серіктестігіне жұмысқа орналастым. Содан бері 36 жыл өтіпті. Қазір енді ақылымды екі ұлыма айтып отырамын. Игорь мен Вадим “Қызылжар су” кәсіпорнында шебер болып жұмыс істейді. Өз істеріне тиянақты болуды талап етемін. Себебі, біз халық үшін маңызы зор жұмыс атқарамыз. Тұтынушыларға таза ауыз су үздіксіз жетуі үшін құбырлар мен құдықтардың ақауларын жөндеп, бүтіндігін тексеру біздің мойнымызда.

Жиын соңында көп жылғы еңбегі үшін еңбек әулеттерінің өкілдері мен ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова “Нұр Отан” партиясының алғыс хатымен марапатталды.

Берік Қасен