Білім

Алдағы уақытта оқушы күнделігін электронды нұсқа алмастырады

Енді бұдан былай мектеп оқушылары үй тапсырмаларын күнделіктеріне жазуға әлек болмайды. Тіпті, алған бағасы да мұнда қойылмайды. Оқушы құралын электрондық нұсқа алмастырмақ. Қазір еліміз бойынша «күнделiк кz» деп аталатын жоба өз бастауын алды.

Александр Деев – «Күнделiк кz» жобасының жетекшісі, Алматы қаласы:


–  Бұл тың жоба барлық жұмысты жеделдететін болады. Жаңашылдық бірінші кезекте ата-аналар үшін ыңғайлы. Олар енді өз балаларының алған бағасын, үйге қандай тапсырма берілгендігін, жалпы үлгерімін ғаламтор желісі арқылы қадағалай алады. Ата-ана қаншалықты өз баласының білім алуына араласса, оқушы соншалықты зерек болады.

Өз балаңыздың оқу үлгерімі жайында үйден шықпай-ақ, тіпті басқа жақта іс-сапарда болсаңыз да ұдайы хабардар болып отыра аласыз. Бұл, әрине, өте ыңғайлы дейді жоба құрастырушылары. Әзірге, олар барлық аймақтарда дәл осындай семинарлар өткізіп, түсіндіру шараларын жүргізуде.

«Күнделiк кz»-те жұмыс істеуді жарты күннің ішінде егжей-тегжейлі үйреніп алуға болады. Дәл қазір жаңа электронды оқушы құралымен Әйгерім Уәлиева танысу үстінде. Мұғалім 12 жыл бойы балаларға тарих пәнінен сабақ беріп келеді. Бүгінде ол қалалық №20 орта мектеп директорның орынбасары қызметінде еңбек етуде. Айтуынша, қағазбастылыққа көп көңіл бөлгенге қарағанда электронды нұсқа әлдеқайда тиімді әрі ыңғайлы.

Әйгерім Уәлиева – №20 орта мектеп директорының орынбасары:


–  Әрине, бұл жақсы жаңашылдық. Біз қағазбастылықтан босаймыз. Оның үстіне ата-аналармен жақындай түсеміз.

Жоспар бойынша биыл Қазақстанның 4 мың мектебінің мұғалімдерін тың жобамен таныстыру мақсаты тұр. Оның 1500-ы бүгінде арнайы курстардан өтіп қазір электронды күнделіктермен емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Ал біздің өңірде 100-ден астам педагог жаңашылдықпен танысу үстінде.

Шарғия Мұқышева – СҚО білім басқармасы жанындағы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

 


–  Облыста бұл жаңашылдық 51 мектепке енгізіліп жатыр. Ал келесі жылдары барлық білім ұяларын қамтуды жоспарлап отырмыз.

Жоба жетекшілері алдағы екі апта ішінде елімізде педагогтарды тың жаңашылдықпен таныстыруды аяқтамақ ниетте.

Риат Шони