МТРА жаңалықтары

Өңірде қыркүйек айында 55 өрт оқиғасы орын алған

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылы күзгі дала жұмыстары кезінде алқаптарда 3 бірдей өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан қызыл жалын 889 гектар жерге зиянын тигізіпті.

Игорь Балеев – СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:


–  Орақ науқаны мен шабындық жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігін мұқият сақтау керек. Әсіресе, шаруалар тракторларына ұшқын бәсеңдеткіш орнатулары тиіс. Ал, алқаптардағы жанар-жағармай сақтау бекеттерінің маңын кемінде 4 метрден кейін барып жырту керек. Сондай-ақ, су, өрт сөндіргіш пен күрек, сыпырғыш және тағы да басқа құрал-жабдықтары болуы тиіс. Биыл, әзірге өңірдегі алқаптарда өрт оқиғасы тіркелген жоқ.

Брифингте белгілі болғандай, өрттің саны облыс орталығында азаймай тұр. Үстіміздегі жылы Петропавлда 168 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 123-і жеке тұрғын үй секторында орын алыпты.
Соңғы рет қыркүйектің 19-ы күні 1-ші Революционный көшесі, 23 “А” мекен жайындағы баспанадан от шыққан. Жалын үйдің төбесі мен қабырғасын шарпыған. Отқа оранған үйден ер адамның мүрдесі табылды.

Аслан Ахметжанов – Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:


–  Бұл мекен жайдағы үйден өрттің нақты шығу себебі әлі белгісіз. Шамасы ер адам пеште от жаққан кезде тиісті қауіпсіздік ережесін сақтамаған болуы мүмкін. Мәйіт экспертизалық сараптамаға жіберілді. Сондықтан, тұрғындар жылыту маусымы алдында баспанадағы пештерге жөндеу жасап, ескірген сымдарды ауыстырғандары дұрыс.

Жалпы, биыл өңірде 466 өрт оқиғасы орын алған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11,4% төмен.

Дегенмен де қызыл жалын 77 млн теңгеден астам соманың шығынын келтірген. Тілсіз жаудың салдарынан 13 адам қаза тауып, 18 жерлесімізді күйік шалған.

Байболат Құлтанов