МТРА жаңалықтары

Петропавл балық питомнигі Сергеев су қоймасына карп тұқымының 50 мың шабағын жөнелтті

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:


–  Біз дернәсілдерді маусымның 1-і күні питомникке жібердік. Онда олар өсіп жетілді. Қазір балықтар өз бетінше азық тауып жей алады. Сол себепті, шабақтарды өзен-көлдерге жібере беруге болады.

Су асты тіршілік иелері өзен-көлдерге жіберілмес бұрын ерекше бақылаудан өтеді. Мамандар алдымен балықтардың бір бөлігін санап шелектерге салады. Кейін, барып олардың салмақтарын өлшейді. Әрбір шабақ кемінде 20 грамм болуы тиіс.

Валентина Никольская – Петропавл балық питомнигінің зертхана меңгерушісі:

– Біз жаз бойы шабақтарды 5 бірдей тәлімбақта асырадық. Балықтардың күтіміне ерекше мән берген жөн. Су асты тіршілік иелерін жасанды жолмен өсірген кезде оларға қажет оттегіні, тамақты барлығын бақылап отыру керек. Өйтпегенде, шабақтар өліп қалуы мүмкін.

Жыл соңына дейін Петропавл балық питомнигі өңірдегі өзен-көлдерге тұқы және албырт тұқымының 96 миллион дернәсілін таратпақ. Бұл жұмыстарға ел қазынасынан 58 миллион теңгеден аса қаражат бөлініпті.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:


–  Бүгінде мемлекеттік тапсырысты толығымен орындауға жақынбыз деп айтуға болады. Биыл біз өңірдегі өзен-көлдерге сиг тұқымды 55 миллион және 40 миллион тұқы дернәсілін жібердік. Басты мақсатымыз – облыс аумағында су асты жәндіктерінің санын көбейту.

Енді алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс аясында Петропавл балық питомнигі Сергеев және Петропавл су қоймаларына тағы 550 мың және 450 мың тұқы шабағын жібермек.

–  Дәл қазір бұл жерде 50 мың карп тұқымды шабақтарды мамандар арнайы бөшкелерге тиеуде. Олар бүгін Сергеев су қоймасына жөнелтіледі. Жалпы, Петропавл балық питомнигі қазан айына дейін өңірдегі өзен көлдерге 1 миллион шабақ жібермек.

 

 

Байболат Құлтанов